Жуырда журналист Ескердір Зұлқарнай өзінің facebook әлеуметтік желісінде спорттта жетістікке жеткен намазхан спортшылар туралы пост жазды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Кешегі "Қайраттың" триумфынан кейін мына жайтты байқадым. Спортта жетістікке жеткен, әлемдік аренада еліміздің намысын жыртып жүрген спортшыларымыздың ішінде имандылық жолындағы намазхан бауырларымыз да аз емес екен. Тіпті спортта қазақтың атын әлемге әйгілегендердің ең үздіктері де солар ма дедім. Қараңыз:
- бокстан соңғы олимпиада чемпионымыз Данияр Елеусінов – намазхан;
- Парижде бокстан жалғыз медаль алған Нұрбек Оралбай – намазхан;
- қазіргі қазақ боксының беткеұстарлары, ағайынды Сабырхандар – намазхан;
- Парижде жалғыз алтын алған, дзюдодан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Елдос Сметов – намазхан;
- қазіргі ең мықты ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов – намазхан;
- еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан – намазхан;
- қазақ футболының болашағы, бүгінгі ең мықты аяқдопшымыз Дастан Сәтбаев – намазхан;
- «Қайратты» ЧЛ-на шығарған қақпашы Темірлан Анарбеков – намазхан;
Тізімді жалғастыра беруге болады.
«Дін ұстанатын спортшыларда рух болмайды», «Жеңілсе, «Алланың қалауымен» деп Құдайға ысыра салады», «Спорттан дінді аластау керек» деп жүргендер мұндай «идеяны» қайдан алады екен?» – деп жазды журналист.
Журналистің бұл жазбасына 1300-ден астам лайк басып, 200-ден астам адам бөліскен және 600-ге жуық адам пікір қалдырған екен. Ескендір Зұлқарнайды белгілі спорт журналисті Қыдырбек Рысбек секілді көптеген азаматтар қолдап, “Ақылды адам Алланы таниды!» деп жазған. Сондай-ақ Бақытжан Құлекеев секілді азаматтар қарсы шығып, «Діндар адам үшін бірінші орында туған жері, ұлты, тіпті отбасы емес, діні мен Құдайы болады. Сондықтан спортта да, армияда да, саясатта да шамадан тыс діндарлыққа жол бермеу керек! Түсінікті емес пе?!» деп жазып жатқан азаматтар бар.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты әрі белгілі спортшы Ардақ Назаровқа «Спортшыны намазхан, намазхан емес бөлу дұрыс па?» деп сұрақ қойдық. Сұрақтың жауабын төмендегі инстаграм парақшасындағы видео арқылы көре аласыз.