Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында еліміздің қай өңірлерінде туристік визит-орталықтары салынатынын айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
— Бүгінде 15 өңірде 29 визит-орталық жұмыс істейді. 2026 жылы Абай және Маңғыстау облыстарында тағы екі визит-орталығының құрылысы жоспарланған. Жамбыл облысы Жуалы ауданының «Көксай» демалыс орнының аумағында (жобаның құны — 150 млн теңге) «Тары» визит-орталығының құрылысы жүргізіліп жатыр, сондай-ақ Павлодар облысы Баянауыл ауылында визит-орталығының құрылысы (жобаның құны — 950,4 млн теңге, дайындық деңгейі шамамен 70% құрайды) жүзеге асырылады, — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ ол Қостанай, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында визит-орталықтар салу мәселесі қаралып жатқанын атап өтеді.
— Визит-орталықтар көлік логистикасы (қоғамдық көлік маршруттары мен трансферлерді қоса алғанда), мәдени және бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ қонақүйлер мен жатақханалардан пәтер жалдауға дейін орналастыру мәселелері бойынша тегін кеңес береді, — деді Олжас Бектенов.