ALASHORDA Мәзір
Саясат

Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды — Президент

Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды — Президент
Фото: Ақорда

Қазақстан Халық Кеңесі — Құрылтайға балама емес. Екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

— Халық Кеңесі — Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ, — деп атап өтті. Мемлекет басшысы.

Президент бәрінің алдында тұрған басты мақсат: екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі екенін еске салды.

Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет.

— Алдымызда тұрған мақсат та — бір, Отанымыз да — бір. Сондықтан бәріміз біртұтас ел болып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып Қазақстан халқы үшін табанды қызмет етуіміз керек. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Халық Кеңесіне этномәдени бірлестіктердің, аймақтық мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Осылайша мемлекет пен қоғам арасындағы байланыстың жаңа, ауқымды әрі біртұтас жүйесі қалыптасып отыр.