Украина шахедтерді құлатуға үйретеді немесе Зеленскийдің Таяу Шығыс сапары қандай нәтиже берді
Сауд Арабиясы Украинадан миллиондаған долларға дрон сатып алмақ
Эр-Рияд Украинада шығарылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары мен радиоэлектрондық күрес жүйелерін сатып алу бойынша келіссөздер жүргізуде. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымына сілтеме жасаған РБК-Украина хабарлады https://www.rbc.ua/ukr/news/kontrakti-milyoni-saudivska-araviya-gotuetsya-1773169365.html.
Келісімшарт құны миллиондаған долларды құрауы мүмкін. Сауд Арабиясынан бөлек, Катар сияқты Парсы шығанағының басқа елдері де украин технологияларына қызығушылық танытып отыр https://www.wsj.com/livecoverage/iran-war-us-israel-trump-2026/card/saudi-arabia-in-talks-to-buy-air-defense-equipment-from-ukraine-lURl6nbDsVwG2lkuh3P4. Себебі аймақ елдері Иран өндіретін «Шахед» типті дрондарға қарсы күресте Украинаның жинақтаған тәжірибесін тиімді пайдалана алады. Бұрын АҚШ пен одақтастары арзан дрондарды қымбат зымырандармен залалсыздандырса, енді украин әдісі – арнайы ұшқышсыз ұстағыштар мен РЭБ құралдары арқылы тиімді әрі экономикалық жағынан үнемді жолды ұсынады.
Сондай-ақ Украина Иорданиядағы АҚШ әскери нысандарын қорғауға да технологиялық көмек көрсеткен еді. Владимир Зеленскийдің айтуынша, украиналық мамандар мен дрондар партиясы 5 наурызда сұраныс түскеннен кейін бір тәулік ішінде Таяу Шығысқа жіберілді.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің Парсы шығанағы елдеріне жасаған сапары екі апталық дипломатиялық марафонға ұласты. Әуе шабуылынан қорғаныс, технологиялық серіктестік және отын мәселесі – осы үш бағытта Киев Доха, Абу-Даби және Эр-Риядтан нақты уәделермен оралды.
Бірінші күн тәртібіндегі мәселе – энергетикалық қауіпсіздік болды. Зеленскийдің айтуынша, Украинада дизель отынының тапшылығы 90 пайызға жетуі мүмкін. Осы тәуекелдің алдын алу үшін Біріккен Араб Әмірліктерімен келісімге қол жеткізілді. Украина лидерінің мәлімдеуінше, ел кем дегенде бір жылға жететін дизель қорымен қамтамасыз етіледі. Соңғы аптада Украина ішкі нарығында бензин бағасы айтарлықтай өсіп, трейдерлер ескі қорларды сатуға мәжбүр болғанын ескерсек, бұл келісім ел үшін стратегиялық маңызға ие.
Дегенмен, сапардың негізгі идеялық өзегі – әскери-техникалық ынтымақтастық болды. Ең ауқымды келісім Катармен жасалды. Катар Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, екі елдің Бас штабтарының басшылары қауіпсіздік саласындағы ұзақ мерзімді серіктестік туралы құжатқа қол қойған. Келісім аясында тараптар зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұстап түсіру тәжірибесімен алмасуға, бірлескен технологиялық жобаларды дамытуға, қорғаныс өнеркәсібіне инвестиция тартуға міндеттенді.
Асқар Бектұрған, шығыстанушы, қытай тілінің маманы, тәуелсіз саясаттанушы:
Қатармен келісімнің ұзақтығы кемінде он жылды қамтиды. Бұл – Украинаның әскери саладағы донорлық рөлін күшейтуге бағытталған ірі қадам.
Сондай-ақ, Сауд Арабиясымен де қорғаныстық ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Зеленский бұл құжатты «технологиялық әріптестік пен инвестициялар үшін негіз» деп атады. Ал Абу-Дабиде Украина президенті БАӘ президенті шейх Мухаммад бен Заид Әл Нахайянмен кездесіп, екіжақты қорғаныс саласындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Сарапшылардың пікірінше, Зеленскийдің Таяу Шығыс турнесі Украина үшін «қару мен технологияны шикізатқа айырбастау» моделін нығайтты. Киев соңғы жылдары ирандық «Шахед» типті дрондарға қарсы тұруда бірегей тәжірибе жинақтады. Дәл осы тәжірибе Парсы шығанағы монархиялары үшін өте құнды. Өйткені аймақтағы бірқатар елдер де дрондық әуе шабуылы қаупінен қорғанудың тиімді жүйесін құруға мүдделі.
Өз кезегінде Украина әскери-техникалық саладағы өз әзірлемелерін коммерцияландырып қана қоймай, ұзақ мерзімді отын жеткізу кепілдігін де алды.
Зеленскийдің Доха мен Эр-Риядта болған кезде екіжақты келіссөздері БАҚ егжей-тегжейлі айтылған жоқ. Алайда қол жеткізілген келісімдердің көпшілігі «инвестициялар мен бірлескен кәсіпорындар» форматында жасалып отыр. Бұл – Киевтің соғыс жағдайында да ұзақ мерзімді жоспарлармен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді.
Сонымен, Украина не алды?
Энергетикалық тұрақтылық: БАӘ-мен бір жылдық дизель жеткізу туралы келісім.
Ұзақ мерзімді әскери серіктестік: Катармен 10 жылға арналған қауіпсіздік саласындағы келісім (дрондарға қарсы тәжірибе алмасу, инвестиция).
Технологиялық даму: Сауд Арабиясымен және БАӘ-мен қорғаныс өнеркәсібіндегі бірлескен жобалар.
Ал Украина не ұсынды?
Соғыс жағдайында сыналған әуе шабуылынан қорғаныс тәжірибесі, әсіресе ұшқышсыз ұшу аппараттарын залалсыздандыру саласындағы бірегей білім.
Қорғаныс технологияларына өзара инвестиция тарту мүмкіндігі.
Өзін қауіпсіздік саласындағы донор (көмек беруші) мемлекет ретінде жарнамалай таныту.
Бұл сапар Киевтің дипломатиялық бағыты тек Батыс елдерімен ғана емес, сонымен қатар әлемнің ықпалды аймақтық ойыншыларымен де тереңдеп келе жатқанын көрсетті.