Мәзір
Жаңалықтар

Киік ату қайта бастала ма? Елде ақбөкен саны тым артып кеткен

Киік ату қайта бастала ма? Елде ақбөкен саны тым артып кеткен
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда ақбөкендер саны әлі артып келеді. Соңғы жүргізілген санақ нәтижелері бойынша олардың жалпы саны 5 млн басқа жуықтаған. Осыған байланысты Экология және табиғи ресурстар министрлігі жануарлар популяциясын реттеу шараларын қайта қолға алуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиевтің айтуынша, өткен жылы жүргізілген ақбөкендер санын реттеу жұмыстары биыл да жалғасады. Бұл міндетті арнайы мамандандырылған ұйымдар атқарады. Қазір нақты шешім қабылдау үшін ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп жатыр. Мамандар табиғи тепе-теңдікті сақтау мақсатында қанша жануарды алу қажет екенін ғылыми негізде анықтайды.

Бүгінде елімізде ақбөкендердің үш негізгі популяциясы бар. Орал өңіріндегі популяция саны 2,5 млн-нан асса, Бетпақдаладағы ақбөкендер саны шамамен 2 млн-ға жеткен. Ал Үстірт өңірінде 120 мыңға жуық ақбөкен тіркелген. Нәтижесінде республикадағы ақбөкендердің жалпы саны жыл сайын артып келеді.

Сонымен қатар, ақбөкендердің шамадан тыс көбеюі кейбір өңірлердегі шаруаларға қиындық туғызып отыр. Мәселен, Қарағанды облысында жануарлар жас егістіктерді таптап, шаруашылықтарға зиян келтірген. Ал Ақтөбе облысында тұрғындар егін алқаптарын қорғау үшін арнайы мобильді топтар құрып, ақбөкендерді алқаптардан алыстату жұмыстарын жүргізуге кіріскен.