ALASHORDA Мәзір
Мәдениет

Қордай ауданында Халықаралық музейлер күні өтті

Қордай ауданында Халықаралық музейлер күні өтті
Ашық дереккөз

Қордай аудандық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық музейлер күніне арналған тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Тағылымы мол кездесудің басты мақсаты – ауданның бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, музей құндылықтарын дәріптеу, жас ұрпақтың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру және тарихи сананы қалыптастыру болды.

Шара барысында келушілерге музейдің қалыптасу тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі жан-жақты таныстырылды. Ауданның шежіресін сақтап келе жатқан мәдени ошақтың негізі 1975 жылы қаланып, кейін бірнеше кезеңнен өтіп, бүгінде аудандық мәдениет үйімен бірлескен кешен ретінде халыққа қызмет көрсетіп келеді. Қатысушылар музей қызметкерлерінің сүйемелдеуімен экспозициялық залдарды аралап, әр кезеңнің тарихи ерекшеліктерімен танысты.

Музейдің алты экспозициялық залы аудан тарихының әр дәуірінен сыр шертеді. «Жануарлар мен өсімдіктер дүниесі» залында өңір табиғаты мен биоалуантүрлілігі таныстырылса, «Көне және орта ғасыр дәуірі» бөлімінде археологиялық қазбалардан табылған құнды жәдігерлер қойылған. Сондай-ақ Кеңес кезеңінің тарихына арналған зал мен Тәуелсіздік жылдарындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және білім салаларындағы жетістіктерін қамтитын экспозициялар келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұдан бөлек, ұлттық тұрмыс пен салт-дәстүрді айшықтайтын этнографиялық бұйымдар көрмесі және арнайы көрме залы көпшілік назарына ұсынылды.

Экскурсия барысында музей қорында сақталған сирек жәдігерлер туралы кеңінен мәлімет берілді. Олардың қатарында Х–ХІІ ғасырларға жататын көне Георгиевск қалажұрты аумағынан табылған қыш құмыралар мен асықтар, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның тұңғыш әйел-дипломаты Балжан Бөлтірікованың жеке заттары мен марапаттары, генерал-майор Нұрғали Смағұловтың әскери киімі мен қызметтік құжаттары сияқты тарихи құндылығы жоғары жәдігерлер бар. Бұл экспонаттар өткен дәуірдің тыныс-тіршілігін айқын көрсетіп қана қоймай, ел тарихындағы көрнекті тұлғалардың өмір жолын кейінгі ұрпаққа таныстырады.

Музей қызметкерлері қордағы үш мыңнан астам жәдігердің ғылыми тұрғыда жүйеленіп, арнайы талаптарға сай сақталатынын атап өтті. Сонымен қатар музейдің тек экспонаттарды сақтайтын орын ғана емес, жастардың тарихи танымын қалыптастыратын, өлкетану жұмыстарын дамытатын және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды мәдени-рухани орталық екені айтылды.

Іс-шара аясында келушілер музей түні акциясының мән-маңызы туралы да ақпарат алып, тарихи мұраны сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екеніне назар аударды. Жастар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өлке тарихына қатысты тың деректермен танысуға мүмкіндік алды. Мұндай кездесулердің жас ұрпақтың ел тарихына деген құрметін арттырып, отансүйгіштік сезімін нығайтуда ерекше рөл атқаратыны ерекше аталып өтті.

Тағылымды шара соңында қатысушылар музей ұжымына тарихи мұраны көздің қарашығындай сақтап, оны көпшілікке кеңінен насихаттап жүрген еңбектері үшін алғыс білдірді. Өткеннің өнегесін бүгінгі күнмен сабақтастырып, келешек ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ парызымыз екені тағы бір мәрте айқындалды.