Бүгін «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Қостанай облысының әкімдігі арасында «Кітап оқитын ұлт» жобасын өңірде жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл – өңірдегі кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, тұрғындардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға және оқу мәдениетін қоғамдық құндылық деңгейіне көтеруге бағытталған маңызды қадам.
Естеріңізде болса, 2025 жылы «Кітап оқитын ұлт» жобасының пилоттық кезеңі Қостанай облысында жүзеге асырылып, өңір тұрғындары арасында үлкен қолдауға ие болған еді. Жоба аясында 55 мыңнан астам азамат кітап оқуға тартылып, кітап оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған түрлі бастамалар қолға алынған болатын.
Пилоттық кезеңнің нәтижесінде жоба облыс тұрғындарының 7 пайызын қамтыды. Биыл бұл көрсеткішті 10 пайыздан асыру жоспарланып отыр. Яғни, алдыңғы жылғы тәжірибе мен қалыптасқан негізге сүйене отырып, жобаның ауқымы кеңейіп, оған қатысушылар саны арта түспек.
Меморандум аясында алдағы уақытта Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жобалық офисі ашылады. Офис өңірдегі барлық бағыт бойынша жұмысты үйлестіріп, қатысушыларды тарту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, іс-шараларды ұйымдастыру және жобаның орындалу барысын бақылау жұмыстарын қамтамасыз етеді.
Жақын арада өңірде жобаны іске асырудың нақты жоспары әзірленіп, дайындық жұмыстары басталады. Мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, кітапханалар, еңбек ұжымдары және жалпы қоғам өкілдерін қамтитын жүйелі жұмыс жүргізіледі.
«Кітап оқитын ұлт» – тек кітап оқуды насихаттайтын жоба емес. Бұл – білімді, ойлы, саналы ұрпақ қалыптастыруға, қоғамдағы оқу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ұлттық бастама.
Қостанай облысының өткен жылғы нәтижесі бұл жұмыстың өңірде үлкен әлеуеті бар екенін көрсетті. Ендігі мақсат – сол нәтижені еселеп, Қостанайды кітап оқитын өңірлердің алдыңғы қатарына шығару.