ALASHORDA Мәзір
Саясат

Қостанай облысында 380 млрд теңгеге өңірдегі ең ірі жел электр стансасы салынады

Қостанай облысында 380 млрд теңгеге өңірдегі ең ірі жел электр стансасы салынады
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерін дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» ЖШС арасындағы қуаты 1000 МВт болатын жел электр стансасын және қуаты 300 МВт электр энергиясын жинақтау жүйесін салу бойынша Келісімге қол қоюды мақұлдады, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Жобаға салынған инвестиция көлемі шамамен 380 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2027 жылдың көктемінде басталады, жұмыстарды аяқтау және пайдалануға беру 2029 жылдың соңына жоспарланған.

Жаңа жел электр стансасы Қостанай облысындағы жаңартылатын энергетиканың ірі нысанына айналады.

Жобаны жүзеге асыру Қостанай облысының энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, жаңа инвестициялар тартуға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға ықпал ететін болады. 750 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Жоба жаңартылатын энергетиканы одан әрі дамыту және Қазақстанның энергетикалық балансын әртараптандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Станса құрылысы еліміздің энергия теңгеріміндегі ЖЭК үлесін ұлғайту жөніндегі жұмыстың бір бөлігі болмақ, ол бойынша нысаналы көрсеткіштер баламалы энергия көздерін ескере отырып, 2030 жылға қарай 15%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жетеді.