Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Қызылорда облысының барлық елді мекенінде жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жалпыхалықтық сенбілікке облыс тұрғындары, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысты. Олар айналаны қоқыстан тазартып, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Жыл басынан бері облыста «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған экологиялық шараларға 377 299 ерікті, қоғам белсендісі, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкері қатысқан.
Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Елді мекендердегі 510 саябақ пен сквер, 256 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы, 1 019 әлеуметтік нысан, сондай-ақ өнеркәсіп және бизнес нысандарының аумақтары, су айдындары мен көшелер тазартылды. Бұл жұмыстарға 548 арнайы техника жұмылдырылды.
Бұдан бөлек, облыстың табиғи-климаттық жағдайына бейімделген 91 817 түп көшет отырғызылды. Экологиялық бағдарлама аясындағы ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
Еске салсақ, елімізде жыл басынан бері 7 миллионнан астам азамат «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы шараларға белсенді қатысқан. Бастама қолға алынғалы елді мекендерде 7 миллионнан астам ағаш отырғызылған. Ал мемлекеттік орман қоры аумақтарында 1 миллиардтан астам тұқым себіліп, көшет отырғызылған.