Мәзір
Жаңалықтар

"Мишабай, бауырым!" Димаш Михаил Шайдоровқа көлік сыйлады

"Мишабай, бауырым!" Димаш Михаил Шайдоровқа көлік сыйлады
instagram.com/kudaibergenov.dimash

Әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоровқа автокөлік тарту етті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Бұл жайлы Димаш Құдайберген Instagram парақшасында жазып, спортшының Олимпиададағы жеңісіне деген ықыласын білдірді.

Өз жазбасында ол Шайдоровтың шеберлігіне ерекше тоқталып, оның жетістігінің маңызын айтып, елге рух беретін оқиға ретінде бағалаған.  

Құрметті ағайын, нағыз қуаныш, нағыз мереке! Мұз үстіндегі әр қимылың, әр өнерің сені жай ғана чемпион емес, көпшілікке үміт пен сенім сыйлайтын үлкен тұлға ретінде көрсетті. Еліміздің саңлағы, менің досым, өзіңнің ағаң – халқымыздың жүрегінде мәңгі қалған асыл азамат Денис Теннің жолын жалғап, ағаң алдындағы, ел мен жұрт алдындағы борышыңды жоғары деңгейде орындадың, – деп жүрекжарды лебізін білдірді ол.

Сонымен қатар әнші Олимпиада кезінде өзінің әнін таңдағаны үшін де ризашылығын білдіріп, чемпионға жеке атынан көлік сыйлайтынын жеткізді.

Алдағы өмір жолың ашық болсын, жаңа белестерді бағындырып, әлемдік аренадан әлі талай жеңіске жете бер! Олимпиадада менің әнімді таңдап, мені де бір қуантып қойдың. Осы орайда, аз да болса көптей көр, өз атымнан темір тұлпар сыйлаймын, – деді Димаш Құдайберген.

Айта кетейік, Италияда өткен XXV қысқы Олимпиада ойындарында мәнерлеп сырғанаудан ерлер арасындағы жарыста қазақстандық спортшы Михаил Шайдоров Олимпиада чемпионы атанды.