Мәзір
Саясат

Мұхтар Шахановтың жұбайы Президентке ақынның соңғы өтінішін жеткізді (ВИДЕО)

Мұхтар Шахановтың жұбайы Президентке ақынның соңғы өтінішін жеткізді (ВИДЕО)
Ашық дереккөз

Кеше Қазақтың аяулы ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шақанов өмірден өтті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

***

ӨТІНІШ ХАТ

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Мен, Мұхтар Шахановтың жары Ханшайым Шаханова, Сізге қазақ руханиятының көрнекті өкілі, КСРО Халық депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері, ақын Мұхтар Шахановтың тағдыры мен соңғы аманатына байланысты үлкен алаңдаушылықпен өтініш жолдаймын.

Ұлтымыздың біртуар перзенті, «Желтоқсан» оқиғасының шындығын әлемге жеткізген қайраткер, бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға бүгінде ауыр дертке шалдығып, хәлі аса күрделі жағдайда.

Мұхтар Шаханов — тек ақын ғана емес, ол ұлттық намыстың символы, қазақ руханиятының асқар шыңы, саналы ғұмырын елінің азаттығы мен ана тілінің мәртебесіне арнаған ірі тұлға.

Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты — өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену.

Аталған нысанның республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін толық түсінеміз. Осыған байланысты жерлеу және мүмкін болатын мемориалдық белгі орнату жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, атап айтқанда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң талаптарына және музей-қорықтың архитектуралық талаптарына толық сәйкес жүргізілетініне кепілдік береміз.

Осыны ескере отырып, Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын.

Ақынның киелі топырақта жерленуі — бұл тек отбасының өтініші ғана емес, бұл ұлттық рухқа, тарихқа және ұлы тұлғаға көрсетілетін зор құрмет деп білеміз.

Осы мәселе бойынша тиісті рұқсаттың берілуіне ықпал етіп, сондай-ақ аталған үдерісті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Түркістан облысының әкімдігімен үйлестіруге тапсырма беруіңізді өтінемін.

Бұл — тек Шаханов отбасының ғана емес, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің ортақ тілегі.

Сіздің әділ шешіміңізге және ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығыңызға сенім арта отырып, аталған өтінішке оң шешім қабылданады деп үміттенемін.