Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев Қазақстан азаматтығын алғысы келетін қандастарға қойылатын талаптардың күшейтілетінін айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
«Елге біз тек сұранысқа ие мамандарды тартуға әрқашан ашықпыз, әрқашан дайынбыз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының "Алтын виза" бойынша жарлығы қабылданды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Егер қандастар скоринг жүйесінен өтіп, пилоттық жоба аясында барлық талаптарды орындаса, онда тек тіл мәселесі ғана емес, қазақ тілін меңгергенін, жоғары білімі бар екенін растап, ертең Қазақстанға келген кезде әлеуметтік масылдыққа салынбайтындай деңгейде өз мүмкіндіктерін дәлелдесе, біз оларды құшақ жая қарсы аламыз», – деді вице-министр.
Журналистің «Сонда жоғары білімі болуы міндетті ме?» деген сұрағына ол: «Міндетті емес, бірақ бұл қосымша артықшылық береді», – деп жауап берді.
Шынын айту керек, Үкіметтің қандастарға азаматтық беру мәселесіне қатысты пилоттық жобасы қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр. Себебі Ербол Тұяқбаевтың сөзінің астарында «Оқымаған оралман керек емес» деген көзқарас жатқандай әсер қалдырады.
Ал Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Үкіметтің қандастарға қатысты талаптарды қатаңдатуын қолдайды. Өкінішке қарай бір кезде өзі Моңғолиядан келген депутат қандастарына араша бола алмай, күмілжіп отыр.