Астанада сот шешімімен мемлекет меншігіне өткен блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты сегіз Hyundai Elantra автокөлігі аукционға шығарылды. Бұл туралы ақпарат E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімінің ресми порталында жарияланды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Сатылымға қойылған барлық көлік 2025 жылы шығарылған және бұрын Эльмира Төлегенова жетекшілік еткен Zhana Business ЖШС-нің атына тіркелген. Қазір олар Астана қаласындағы Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің қарамағында сақтаулы тұр.
Әр автокөліктің бағалау құны 8,395 млн теңге деп белгіленген. Дегенмен, аукциондағы бастапқы сату бағасы әзірге нақтыланбаған. Құжаттарға сәйкес, көліктер екі кілтпен және техникалық төлқұжатымен бірге ұсынылады. Алайда олардың жүксалғышында қосалқы дөңгелек пен стандартты құралдар жиынтығы жоқ. Сондай-ақ көліктердің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес және олар бойынша шектеу шаралары әлі толық алынбаған.
Аукционға қатысу құқығы барлық азаматтарға берілмейді. Сауда-саттыққа тек құқық қорғау органдары, арнайы мемлекеттік құрылымдар, Президент қызметін қамтамасыз ететін мекемелер, сондай-ақ саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдар ғана қатыса алады.