Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов мектепті қаржыландыруды облыстан аудан әкімдігіне қайтару мәселесі бойынша Асхат Аймағамбетовпен дебатқа шығуға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Мәжіліс отырысынан кейін: «Мектепті қаржыландыруды облыстан алып, аудан әкімдігіне беру мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде Аймағамбетовпен дебатқа шығу туралы ұсыныстар айтылуда. Дебатқа шығуға қалай қарайсыз?» – деп Нұртай Салихұлына сұрақ қойған едік. Мәжіліс депутаты әріптесімен дебатқа шығудан бас тартпайтынын мәлімдеді.
«Егер де білімді облыстық бюджеттен аудандық бюджетке беруге байланысты пікірталасқа шақырсаңыздар, мен дайынмын. Менің көзқарасым, ұстанымым бар. Бұл туралы кеше мен Facebook-та толық мәлімет бердім», – деп жауап берді.
Ал Асхат Қанатұлы болса, әріптесінің әрекетін хайп қуу деп бағалап, пікірталасқа шығудан сыпайы түрде бас тартты.
«Біз жұмыс топтарында пікірлесеміз. Тиісті дебаттар бізде күнде өтіп жатады. Ал хайп қуып, қаралымды көбейту үшін дебаттарға барғым келмейді», – деді ол.