Мәзір
Саясат

«Қабылдауға дайынмын». Алматы әкімі Санжар Боқаевқа алғыс айтты (ВИДЕО)

«Қабылдауға дайынмын».  Алматы әкімі Санжар Боқаевқа алғыс айтты (ВИДЕО)
Коллаж

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қоғам белсендісі Санжар Боқаевты қабылдауға дайын екенін айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.\

Бұған дейін Санжар Боқаев Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің жағалауын жөндеу кезінде шыққан бағалы гранит тастардың ұрланып жатқан сәтін видеоға түсіріп, жариялаған болатын.Қоғам белсендісі алыстан түсірген видеодан өзен жағалауынан гранит тақталарды тиеген жүк көлігін көруге болады. Видео авторының айтуынша, мұның барлығын полиция қызметкері бақылап тұрған.

Боқаев жүк көлігін аңдып, тақталарды қайда апаратындарын анықтауға тырысқан. Жүк көлігі Алматы облысының Талғар ауданына, гранит құлпытастар шығаратын ғимаратқа келіп, тақталарды түсіре бастайды.

Содан кейін қоғам белсендісі көлік жүргізушісінен тастарды қайдан алғанын сұрайды, жүргізуші Айтей елдімекеніндегі қоқыс алаңынан алғанын, қоқыстан шыққан сынық тастар екенін айтады. Санжар Боқаев жүргізушіге оны аңдып келе жатқанын, тастарды қайдан алғанын білетінін айтқан соң, жүргізуші тақталарды қайта тиеп, алған жеріне апарып тастаған.

Алматы әкімдігінің экология және қоршаған орта басқармасы, видеоға түсініктеме беріп, жағалаудан тақталардың ұрланғанын растады.

“15 қыркүйек күні кешкісін белгісіз жүк көлігі заңсыз түрде 12 тақтаны алып кеткен. Жүргізушінің белгісіз бір адамның өтініші бойынша әрекет еткені анықталды. Жүргізушінің айтуынша, ол Акылбек деген жігіттің өтініші бойынша күзетшімен сөз байласып, гранит тақталарды тиеген, сол үшін оған 50 000 теңге сыйақы уәде етілген”, – делінген жауапта. 

Сонымен қатар жауапта өзен жағалауында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер “Павлодар өзен порты” АҚ полицияға арыз жазғаны айтылған.

Бүгін Орталық коммуникациялар орталығында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды баспасөз мәслихатын өткізді. Аталған жиында «Қоғам белсендісі Санжар Боқаевты қабылдап, алғыс айтып немесе оны өзіңіздің кеңесшіңіз етіп алмайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Журналистің сұрағына әкім қоғам белсендісін қабылдауға дайынмын деп жауап берді.