Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Сербия Президенті Александр Вучичті қарсы алды, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Алдымен мейманның автомобилі Президент Сарайының орталық басқышына келіп, ұзын кілемшенің жиегіне тоқтады. Ол жерде мейманды Қазақстан Президенті Протокол қызметінің қызметкері күтіп алды. Ақордада Александр Вучичті Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Өзара сәлемдескеннен кейін мейман мен Президент бір-біріне делегацияларын таныстырды.
Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген Құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді.
Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары Құрмет қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрмет қарауылы бастығымен қоштасты.
Қазіргі уақытта саяси диалогты одан әрі нығайту, сауда-экономикалық байланыстарды және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейту мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі келіссөздер басталды.