Мәзір
Экономика

Қазақстанда реттелетін бағалары бар өнімдер тізбесі кеңейтіледі

Қазақстанда реттелетін бағалары бар өнімдер тізбесі кеңейтіледі
pexel.com

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін 31 атауға дейін уақытша кеңейту жоспарлануда, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі. Шара бағаның алыпсатарлық өсуін тежеуге және халық үшін бірінші кезекте қажетті өнімдердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында хабарлағандай, тізбені кеңейту бөлшек саудадағы бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

 - Негізгі міндет – халық үшін қолжетімді баға жасау. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін кеңейту – уақытша шара және алыпсатарлықпен күресуге бағытталған. Сауда үстемесі 15%-дан аспайды, бұл бағаны төмендетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Тізімге күнделікті сұранысқа ие тауарлар, соның ішінде ет, көкөніс және халық сұранысына ие басқа да өнімдер кіреді. Қорытынды тізім мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың қатысуымен жасақталады және ашық НҚА сайтында жарияланады. Бұл шара келесі жылдың соңына дейін қолданыста болуы мүмкін.