Мәзір
Экономика

Қазақстанда тауарлардың бірыңғай ұлттық базасы жолға қойылады

Қазақстанда тауарлардың бірыңғай ұлттық базасы жолға қойылады
freepic

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов пен Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов келер жылы қаңтардан бастап іске қосылатын Тауарлардың ұлттық каталогы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Тауарлардың ұлттық каталогы (ТҰК) мемлекеттік органдар мен бизнес пайдаланатын кез келген өнім туралы ақпараттың орталықтандырылған және сенімді көзіне айналады. ТҰК енгізу түрлі ведомстволар мен ұйымдардағы көптеген сан алуан анықтамалықты алмастырып, тауарларды сипаттау мен сәйкестендірудің бірыңғай мемлекеттік стандартын қамтамасыз етеді.

 - Бүгінде елімізде әртүрлі рәсімдерде қолданылып келе жатқан көптеген анықтамалық пен каталогтар бар – мемлекеттік сатып алуда, кеден саласы мен ЭШФ-да, таңбалау ісінде, статистикада, чек шығару және т.б. Бұл мәселені шешу үшін Тауарлардың ұлттық каталогын құруды қолға алдық. Ұлттық каталог GTIN/NTIN бірегей кодтары арқылы тауарларды түпкілікті сәйкестендіруді қамтамасыз етіп, барлық негізгі процеске: көтерме және бөлшек саудаға, кедендік декларацияларға, чектерге, электронды сауда алаңдарына, бюджетті жоспарлау мен атқаруға және т.б. жүйелерге қосылған деректердің үлгілі көзіне айналады- , деді Әсет Нұрланұлы.

Бұл ретте Қаржы вице-министрі біртұтас базаны енгізу тауарлардың бағасына әсер етпейтінін жеткізді. Себебі тауар карталарын тіркеу мен NTIN коды беру процедурасы тегін. Сауда-саттық тоқтатылмайды – NTIN коды жоқ өнімге автоматты түрде уақытша XTIN коды беріледі, оны бір ай ішінде NTIN-ге ауыстыру қажет.

Осы орайда аталған каталог Қазақстанда, яғни мемлекеттік серверлерде, жергілікті нарықтың ерекшеліктерін ескере отырып, мәліметтерді міндетті түрде мемлекеттік тілде қалыптастыратынын айта кетейік. Демек, бұл технологиялық дербестікке, тұрақтылыққа және отандық талаптардың  толық сәйкестігіне кепілдік береді. Мемлекеттік деректер базасы тауарларды сипаттаудың бірыңғай форматын, оның ішінде дұрыс сәйкестендіру кодын, атауын, сипаттамаларын, суреттерін және ілеспе мәліметтерін қамтамасыз етеді. Әр өнімнің жеке картасы болады, ол барлық ақпарат жүйесі бірдей растайтын «бірыңғай төлқұжатқа» айналады.

- Қарапайым мысал: бір жүйеде өнім «сүт» деп көрсетілсе, екіншісінде «айран», ал үшіншісінде «ашытылған сүт өнімі» деп аталып тұр делік. Үш түрлі атау болғанымен іс жүзінде мұның бәрі бір өнім. Жіктеуіштердің бытыраңқылығы, кемшіліктерге, ақпараттың қайталануына, процестердің баяу жүруіне және қадағалаудың күрделілігіне әкеліп соқты. ТҰК осы кедергілерді толығымен жоя алады. Біз атауы, құрамы, сипаттамалары, өндірушісі және бірегей National Trade Item Number - NTIN бар тауардың бірыңғай «цифрлы төлқұжатын» жасап жатырмыз -, деді Ә.Нүсіпов.

Тұтастай алғанда, біртұтас каталогты енгізу деректердің бөлшектенуін жоюға, тауар анықтамалықтарындағы қайталанулар мен сәйкессіздіктерді болдырмауға, мемлекеттік сатып алуларда, сауда саласында, бухгалтерлік және қойма есебінде, коммерциялық электронды алаңдар мен маркетплейстерде ақпараттың түпкілікті сәйкестігін қамтамасыз етеді. Стандартты тәсіл арқылы нарықтың барлық қатысушысы бірыңғай және өзекті мәліметтермен жұмыс істеп, бұл процестердің ашықтығы мен сапасын арттырады.

Спикерлер айтқандай, көпшілігі ТҰК цифрлы таңбалаумен шатастырып жатады. Бүгінде Қазақстанда тауарларды жіктеу мен каталог жүргізудің үш деңгейлі жүйесі құрылып жатыр. Онда әрбір деңгей өз функциясын орындайды. ТЖҚЖЖ – бюджетті жоспарлау, жалпы статистика және мемлекет деңгейіндегі талдау үшін қажет тауарлар мен қызметтердің жалпы жіктеуіші.

Тауарлардың ұлттық каталогы – негізгі және әмбебап деңгей, мұнда тауардың әр атауы өндірушімен бірге белгіленеді. Цифрлы таңбалау – тауардың әр данасы мен партиясы бекітілген ең төменгі әрі ең дәл деңгей. Аталған құрал тауар санаттарының шектеулі көлемінде қолданылады және бұл контрафактіге қарсы бағытталған күрес, сондай-ақ ол қадағалау, жарамдылық мерзімі және салық тәртібі мәселелерін шешеді.