Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жазда берген уәдесінен тайқып кетті, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Астана қаласының іргесіндегі Авиатор саяжайының тұрғындары өздері тұратын үйге (ИСЖ) жеке тұрғын үй құрылысына қатысты құжат рәсімдегісі келеді. Әйтсе де Астана қаласы әкімдігі тұрғындардың талап-тілегін назарға алар емес.
Сол себепті саяжай тұрғындары өз ауданынан сайланған Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаевқа бірнеше рет шағымданғанын айтады. Әйтсе де депутат халықпен кездесіп, олардың мәселесіне назар аудармай келген.
ҚР Пардамент Мәжілісі жазғы каникулға кететін кезде депутаттар өздерін сайлаған халықпен кездесіп, олардың арыз-шағымын тыңдауға барды. Сол кезде Дәулет Мұқаевқа “Саяжай тұрғындарымен кездесесіз бе?” деп сұраған едік. Депутат “Саяжай тұрғындарымен кездесу жоспарда бар” деп айтқан еді. Әйтсе де ол күні кеше “Ол кезде мен жолығамын деп уәде берген жоқпын” деп уәдесінен тайқып кетті.
Сондай-ақ Дәулет Мұқаевқа “Халық “Депутат болып келген кезде дауыс бергенімізге өкінеміз” деп жатыр” деп айтып ек ол “Мен үнемі айтамын, “Тақ пен табыттың иесі жоқ” деп. Егер де тіпті сондай болып жатса Орталық сайлау комиссиясына барсын, тағы да үстімнен арыз жазсын. Мен орнымды да босатып беруге дайынмын” деп жауап берді.