Бүгін тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласында толықтай қайта салынып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылған «Арыс-2» теміржол вокзалы салтанатты түрде пайдалануға берілді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев, теміржол саласының ардагерлері мен қызметкерлері және қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсімде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде 124 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның бірі – бүгінгі «Арыс-2» вокзалы. Бұл нысан тұрғындар мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапалы қызмет көрсетуге бағытталған, – деді облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев.
Сондай-ақ жиында «Қазақстан Теміржолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесінің филиалының директоры Нұрдаулет Байғазиев құттықтау сөз сөйлеп, жаңартылған вокзалдың теміржол саласын дамытудағы маңызына тоқталып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Жаңадан бой көтерген вокзал ғимаратында ана мен бала бөлмесі, заманауи күту залы, ақпараттық мониторлар, салқындату жүйесі, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы жағдайлар және өзге де қажетті жабдықтар қарастырылған. Сонымен қатар перрон аумағында 5 мың шаршы метр асфальт жабыны жаңартылып, жаңа күту орындары мен жарықтандыру жүйесі орнатылды.
Тәулігіне 300-ден астам жолаушыға, жылына 65 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге есептелген жаңа вокзал заманауи талаптарға толық сай келеді. Жолаушылар пойыздарының орташа ағымы – тәулігіне 18 пойыз. Оның ішінде 2 пойыз халықаралық бағытта қатынайды.
Салтанатты рәсім барысында Теміржол торабы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Байниязов ақ батасын беріп, жаңа вокзалдың халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етуіне тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында салтанатты түрде вокзалдың көгілдір лентасы қиылып, қатысушылар жаңа нысанның жұмысымен танысты.
Вокзал кешенін қайта жаңғырту аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған.

Сондай-ақ Темір ауылында аудан тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – жаңа темір жол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Темір ауылының темір жол тарихы 1904 жылдан бастау алады. Сол кезеңде салынған алғашқы вокзал өңірдің дамуына өзіндік үлесін қосса, бүгінде заман талабына сай бой көтерген жаңа вокзал халық игілігіне пайдалануға беріліп отыр.
Жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ. Жаңа вокзал ғимаратының жалпы ауданы 159,41 шаршы метрді құрайды. Заманауи талаптарға сай салынған нысан жолаушыларға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Байғазиев Нұрдаулет, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, темір жол саласының ардагерлері, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев:
«Темір жол – ел экономикасының күретамыры. Бүгін пайдалануға беріліп отырған жаңа вокзал – тұрғындардың игілігіне бағытталған маңызды жоба. Бұл нысан халыққа сапалы қызмет көрсетіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосады. Баршаңызды осы қуанышты оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!» – деп тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
Сондай-ақ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Шымкент магистральдық желі бөлімшесі филиалының директоры Байғазиев Нұрдаулет жаңа вокзалдың өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, темір жол саласының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
Одан кейін құрметті қонақтар жаңа темір жол вокзалының лентасын салтанатты түрде қиып, нысанның ресми ашылуын жүзеге асырды. Қатысушылар жаңа вокзал ғимаратын аралап, жолаушыларға арналған күту залы, билет кассасы, қызмет көрсету орындары мен заманауи талаптарға сай жабдықталған инфрақұрылыммен танысты. Жаңа нысанның мүмкіндіктеріне оң бағаларын беріп, оның тұрғындарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсететініне сенім білдірді.
Іс-шара барысында темір жол саласының ардагері Сәрсенбеков Калхоз ақсақал ақ батасын беріп, жаңа нысанның халық игілігіне ұзақ жылдар бойы адал қызмет етуіне ақ тілегін арнады.
Жаңа вокзалдың пайдалануға берілуі – Темір ауылының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам. Бұл нысан тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы сапар шегуіне қолайлы жағдай жасап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға өз үлесін қоса береді.