Мәзір
Саясат

Жамбыл облысында 274,9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Жамбыл облысында 274,9 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің Жамбыл облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің біріне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.

Тексеру барысында тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген жалпы ауданы 1 883 гектар жер телімінің бір бөлігі мақсатқа сәйкес пайдаланылмағаны анықталды. Атап айтқанда, жер пайдаланушы жайылымдық алқаптарды жыртып, оларды егістік ретінде пайдаланған. Бұл жер заңнамасының талаптарын бұзу болып саналады.

Тексеру қорытындысы бойынша қолданушыға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда белгіленген мерзімде тиісті талаптар орындалмағандықтан, Жер ресурстарын басқару департаменті Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап-арыз жолдады. 

Соттың шешімімен 274,9 гектар жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды.

Сот шешімі заңды күшіне енді.