Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен белгілі продюсер Баян Алагөзова жаңа Конституцияға байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі.
Дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтың жазуынша, Жаңа Ата заң – уақыт талабына сай көрінеді.
«Қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайту – жаңа Ата заң жобасында орын тапқан айрықша ұстаным.
Республика дайындаған жаңа Конституция жобасын толық қолдаймын. Бұл құжат ел егемендігін бекемдеуге, құқықтық мемлекетті нығайтуға және қоғамдағы әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа Ата заң – уақыт талабына сай, халықтың мүддесін көздейтін маңызды қадам. Ол еліміздің болашақ дамуына берік негіз қалайды және ұлттық бірлігімізді одан әрі күшейтеді деп сенемін», – деді ол.
Ал Баян Мақсатқызы болса, Жаңа Ата заңнан өзінің түйген тұсын жариялады.
«Бүгін жаңа Конституция жобасын оқып шықтым. Түйген ойым мынадай:
1. Сөз бостандығы туралы
Сөз бостандығы өзгенің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін жерден шектеледі. Әр адамның «жақсы атына» құқығы бар. Конституция барлық құқықтар мен бостандықтарды сақтай отырып, еркіндік әрдайым жауапкершілікпен қатар жүретінін нақтылайды. Мұның бәрі халықаралық нормаларға сай.
2. Қандай өзгерістер оң бағытта?
- Өмір сүру құқығы абсолютті деп танылды (Өлім жазасы жоқ).
- «Миранда ережесі» енгізілді: адам ұсталған немесе қамауға алынған кезде оның құқықтары түсіндіріледі.
- Адвокатура Конституцияда тікелей көрініс тапты.
- Кіріспе (преамбула) өзгертілді: енді ол мазмұны жағынан айқынырақ, көркем қазақ тілінде жазылған және мемлекеттілікті біз жаңадан құрмай, ата-бабадан қалған қазақ жерінде нығайтып келе жатқанымызды, сондай-ақ Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының мұрагерлері екенімізді айшықтайды.
3. Билік органдарының құрылымы туралы
Билік транзитінің бейбіт түрде өтуі аса маңызды. Әсіресе жаһандық тәртіп шайқалып тұрған кезеңде. Жаңа құрылым мемлекеттік басқаруда адамға басымдық беруді сақтайды және билік ауысу кезінде елдің орнықтылығын қамтамасыз етуге қабілетті.4. Дін мен мемлекеттің арақатынасы
Конституция бұрынғыдай мемлекеттің зайырлы сипатын ғана жариялап қоймай, дін мен мемлекеттің бөлінгенін нақты әрі айқын түрде бекітеді» – деді ол.