Мәзір
Жаңалықтар

Жоғалған отбасының ісі «Адам өлтіру» бабына өзгертілді (ВИДЕО)

Жоғалған отбасының ісі «Адам өлтіру» бабына өзгертілді (ВИДЕО)

Қазақстанда жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен бір отбасының ісі Қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру” бабы бойынша тергеліп жатыр, деп хабарлайды Alashorda.kz ақпараттық агенттігі Атырау облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Атырау облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов бұл іс бойынша түрлі расталмаған ақпарат тарап жатқанын айтты.

"25 желтоқсанда төрт адам жоғалғаны туралы ақпарат түскен сәттен бастап еліміздің аумағында кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес екі немесе одан да көп адам жоғалуы "Адам өлтіру" бабы бойынша сараланады. Осыған байланысты қазір жоғалған отбасының орналасқан жерін анықтау және оларды табу мақсатында жедел іздестіру және тергеу іс-шаралары жүзеге асырылып жатыр", – деді ПД өкілі.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде өзін хаккер ретінде таныстырған азамат Наурыз Мұқанғалиевтің SIM-карталары ара-тұра қолданылып отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, нөмірлердің геолокациясы Өзбекстан аумағында тіркелген.

Жазбада WhatsApp мессенджеріне бұл нөмірлер арқылы күніне бірнеше рет кірілгені айтылған. Алайда Қазақстан шекарасын заңды түрде кесіп өткендері туралы дерек жоқ. Автор Түркістан облысында заңсыз шекара өту арналары болуы мүмкін екенін алға тартқан.

Туыстарының айтуынша, отбасы жоғалар алдында қорадағы малдарын сатып, соңғы айдың зейнетақысын да алған. Алайда үй ішіндегі дүние-мүлікке қол тимеген. Жиһаз, киім-кешек, тіпті тоңазытқыштағы сүт пен май да сол күйі қалған. Осы жайттарды алға тартқан жақындары алты адамның бірдей ізім-ғайым жоғалып кетуіне күдікпен қарайды.

Сондай-ақ туыстары қараша және желтоқсан айларындағы зейнетақы төлемдерін біреулер алып отырғанын, ал малдың WhatsApp арқылы сатылғанын айтады. Хат алмасу Наурыз Мұқанғалиевтің атынан жүргізілген.

Өңірлік полиция мәліметінше, жоғалған адамдардың ұялы телефондарынан сигналдар Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркелген.

"Жоғалған адамдардың ұялы телефондарынан сигналдар Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркеліп, қосылып-сөндірілгені анықталды, соңғы тіркелген дерек Шымкент қаласында болған. Іздестіру жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы жедел тергеу тобы құрылып, оған Ішкі істер министрлігінің мамандары да жұмылдырылды", – деді өңір полициясы.

Тергеу аясында медициналық мекемелер, оның ішінде жекеменшік клиникалар да тексеріліп жатқаны белгілі болды.

Сонымен қатар ведомство өкілдері отбасының кіші қызы мен күйеу баласының шет мемлекетте жүргенін анықтаған.

"Алайда туыстары олардың жоғалуына байланысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеріс жұмыстарын бастады", – деді полиция.

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысында жоғалған отбасы әлі де іздестіріліп жатқаны хабарланған болатын. 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан астам уақыт бойы хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.