Сарапшы Қазақстан құрамасының 2024 жылғы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігіне болжам жасады

Спорт журналисі және инсайдер Айдын Қожахмет футболдан Қазақстан құрамасының 2024 жылғы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты ҚазАқпарат  cілтеме жасап.

«Мен Қазақстан құрамасының беларусь футболшыларынан басым түскенін дұрыс қабылдадым. Оған еш таңғалған жоқпын. Өйткені, біздің құрама әр ойын сайын күш қосты. Сенімділігі арта түсті. Бәлкім, мұндай сезім маған қазақстандық құраманың аталған қарсыласын жеңетініне алдын ала сенімді болғанымнан келген шығар. Ойынға дейін оған еш күмәнім болған жоқ. Беларусь құрамасының деңгейі бізбен қатарлас. Шеберлік жағы бірдей. Әрине, топта біздің бірінші, олардың төртінші орын алғанының бұған қатысы жоқ. Бұл — футбол. Мұнда кейде кездейсоқтық боп тұрады, кейде сәттілік жолдас болады», — деді Айдын Қожахмет.

Ол Қазақстан құрамасының 2024 жылғы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігі жайында ой қозғады.

«Егер дәл осындай көрсеткішке қол жеткізе алсақ, ол таңғажайып оқиға болар еді. Математикалық тұрғыдан алғанда, аса қиын көріне қоймас. Ол үшін екі мәрте жеңіске жетсек жетіп жатыр. Алайда, бұл орайда қарсыластың осал болмайтынын ескеруіміз қажет. Сондықтан оның оңайға соқпайтынын аңғару қиын емес. 2024 жылы біздің құраманың деңгейі қандай болады? Ол уақытта құрамада кімдер ойнайды, кім бапкерлік жасайды? Бәлкім, біз мықты болармыз немесе керісінше. Нақты айтқанда, қазір біздің құрама сенімді ойын және жинақы қимыл көрсетіп жүр. Бұл маған ұнайды», — деді ол.

Айдын Қожахмет Беларуське қарсы кездесуде жақсы ойын өрнегін көрсеткен футболшыларды атап өтті.

«Айта кетейін, бапкерлер құрамы құрамаға футболшыларды қандай талаппен шақыратынын өзі біледі. Ол жайында ештеңе айта алмаймын. Десем де, әлі де құрамаға қарқын қосатынын бірқатар футболшылар бар екенін жасырмаймын. Олардың қатарында «Ақтөбе» клубынан Стас Покатилов, Бауыржан Байтана, Әлібек Қасымды атап өтуге болады. Сондай-ақ, «Ордабасы», «Тараз» және өзге клубтарда шеберлігі шыңдалған жастар бар. Мен олардың барлығына мүмкіндік беріледі деген ойдамын. Құрамаға тыңнан ойыншылар қосқан артық емес. Өткен ойыннан Рамазан Оразовты атап өтер едім. Ол кездесуді белсенді өткізді. Бахтиер Зайнутдинов те көп күш жұмсады. Оған Александр Марочкинді қоса аламыз. Негізінде барлығы жоғары деңгейде көрінді. Сапалы және сенімді ойнады», — деп ойын толықтырды Айдын Қожахмет.

Еске салсақ, ел құрамасы 22 қыркүйекте өз алаңында Беларусьті сүріндірді.