«Бала өзінің тілі мен мәдениетін бойына сіңіріп алуы керек»

Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы мектеп оқушысының өз тілінде білім алуы өте маңызды екенін айтады.
«Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары «Бала баштауыш мектепте әбден қалыптасқанша, ана тілінде оқу керек. Басқа тілді оқытып араластырмау керек» деп айтты. Себебі Алаш арыстары ең бірінші мектепте қазақ тілін білудің маңызын жақсы түсінді. Мәселен Жапонияда 4 сыныпқа дейін мектеп оқушысына басқа тілде оқытпай, өзінің тілі мен мәдениетін сіңіруге тырсады екен. Олардың ең негізгі мақсаты болашақта мықты жапон азаматын тәрбиелеп алу керек дегенге саяды. Біз көзін аша қоймаған балаға бірден үш тілді білетін полиглот жасап шыққымыз келеді. Ең соңында қазір біз осыдан зардап шешіп жатырмыз.
Қазір балалар қазақ, орыс және ағылшын тілін араластырып, әбден шатасып кетті. Ауызекі тілде қазақ пен орыс, тіпті ағылшыл тілінде де сөйлей алады. Бірақ үшеуінде де судың бетінде жүрген секілді шала болып шығады. Егер болашақ жастарды Жапония сияқты қазақша ойлап, қазақша түс көретіндей етіп қалыптастырып алсақ, онда олар бірнеше тілді меңгеріп алса да болады. Оған ешкім шектеу қоймауы керек. Бірақ ең алдымен бала өзінің тілі мен мәдениетін бойына сіңіріп алуы керек. Біздің Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезов секілді ұлт зиялыларының мықты болатыны олар өздерінің түп тамырынан ажыраған жоқ.
Негізі біз «Қазақ қандай болу керек?» дегеннің эталонын, үлгісіне жауап беруіміз керек. Осы елдің азаматы ретінде ең алдымен өзінің топырағында өсіп, өз отанын жан-тәнімен сүйетін және өз мәдениетін бойына сіңіріп алған қазақты қалыптастырып алу ең маңызды міндет деп ойлаймын. Егер қазақтың баласы күй ойнап жатқанда селт етпей және бесік жырынан теріс айналатын болса және қазақтың дәстүрлі әнін тыңдауға құлқы болмаса бұл енді қауіпті үрдіс. Сонымен қатар оны қазақтың көне тарихы оны қызықтырмай, ұлттық тағамға тыжырынып қарайтын болса, онда біз ұлт ретінде дамып, оны сақтап қалуымыз өте қиын болады», – дейді ол.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ