«Мемелекеттің мерейлі болуы отбасынан басталады»

Елімізде бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ болуы өте маңызды. Бұл Қазақстан халқы Ассаблеясының жанындағы республикалық аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанай пікірі. Сондай-ақ ол шағын мемлекет саналатын отбасында береке-бірлік болуы керек екенін ескертті.

Назипа Ыдырысқызы жетекшілік ететін республикалық аналар кеңесінде 18 мыңнан астам ана жұмыс істейді.

«Мыңдаған азамат ұлтына, дініне қарамастан республикалық аналар кеңесіне қосылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Біздің басымызды қосатын басты мұрат қоғамдағы әртүрлі проблема десем артық айтпаған болар едім. Қоғамда бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ болуының ең басты шарты тәрбиеге тікелей байланысты. Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айтқан кезде бірінші ойға келетіні – толлеранттылық. Өкінішке қарай көп адам толлеранттылық деген дүниені дұрыс түсіне бермейді.

Шын мәнінде бұл сөздің тарихы тым тереңде жатыр. Толеранттылық деген ұғым – Еуропаға ислам, будда секілді әр түрлі діндер келе бастаған кезде пайда болды. Сондай-ақ еврей халқына жасалған қысымнан кейін ұлттар бірін-бірі құрметтеуі керек екені белгілі болса бастады. Тіпті христиан діні бірнеше ағымға бөліне бастаған кезде барлық дін өкілдерінің қасында тең жүру мен шыдамдылық таныту аса маңызды болды. Бір сөзбен айтқанда толеранттылық саяси термин ретінде енгізілді.

Бақытымызға орай Қазақстанда көршіміздің қай ұлт немесе қай дінде екені әсер етпейді. Біз халықтар арасындағы қарым-қатынасқа адамгершілік тұрғысынан қараймыз.  Бірақ бүгінгі таңда қоғамда болып жатқан жағдайларға қарап «Біз өз отбасымызда толеранттымыз ба?» деп ойланамыз. Менің ойымда мемелекеттің мерейлі болуы отбасынан басталады. Егер отбасы бір-біріне толерантты болатын болса, күйеу мен әйел және ене мен келін, әке мен балалардың арасында өзара үйлесіп болар еді», – дейді ол.

«Береке-бірлігіміз тіліміздің ұшында емес, жүрегімізде болуы керек»

Назипа Шанай отбасындағы зорлық-зомбылыққа айрықша назар аудару керек екенін айтады.

«Өкінішке қарай кейбір отбасындағы жағдайға қарап «Біз толеранттылықты қалай сақтап жүрміз?» деп ойланамын. Негізі бірлік пен тұрақтылық және әділдік пен ынтымақты тек мемлекеттік тұрғыдан қарамауымыз керек. Егер қандайда бір азамат отбасында береке-бірлік сақтауға бейімделіп тәрбиеленген болса, ол өскенде толерантты азамат болып қалыптасады. Ал мұндай тәрбиеде өскен азамат ешқашан айналасына зұлымдық жасамайды. «Отбасы шағын мемлекет» деп бекер айтпайды. Отбасы институты күйресе, мемлекет күйрейді. Береке-бірліктің негізгі кілті отбасыда жатыр. Отбасында көршісін ешкім жамандамайтын болса, бала ол ұлтқа жаман көзбен қарамайды. Егер шай үстінде анасы көршісін ұлтын айтып айтып жамандап отырса, бала толерантты болып өспейді. Мұндай жағдайда қоғамның толерантты болуын күту ақымақтық. Береке-бірлігіміз тіліміздің ұшында емес, жүрегіміздің түбінде болуы керек», – дейді ол.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ