Әділ Ғалиахметов шорт-тректен жартылай финалға шықты

Бейжің Олимпиадасында шорт-тректен ерлер арасында — 1500, әйелдер арасында 1000, 3000 метрге жарысудан үздіктер анықталады, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

1500 метрге жарысудан Қазақстан атынан Әділ Ғалиахметов пен Денис Никиша ширек финалдық бәсекеге қатысты.

Өкінішке қарай, Денис Никиша жарыс кезінде құлап қалып, ескерту алды. Ол өзімен бірге канадалық спортшыны да жарыс жолынан ығыстырған болатын.

Ал Әділ Ғалиахметов топта екінші орын иеленіп, жартылай финалға жолдама алды.

Шорт-тректен 1500 метр қашықтықта ерлер арасындағы жартылай финал бүгін, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 18:29 басталады.

Естеріңізге сала кетейік, жалпы Бейжіңде өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шорт-тректен 9 медаль жиынтығы сарапқа салынады.