Қорғаныс министрлігі әскери медицинаны күшейту шараларын қабылдауда

Қорғаныс ведомствосында әскери-медициналық бөлімшелерді заманауи медициналық техникамен жарақтандыру, кадрлық қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жетілдіру мәселелері пысықталып жатыр, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты.

«Әскери медицина қызметі жауынгерлік қабілетті қалпына келтіру мақсатында жеке құрамды әскери-медициналық қамтамасыз етуге бағытталған. Одан бөлек, Қарулы Күштердің әскери медицинасы елдегі коронавирус инфекциясымен күреске белсене атсалысып, бітімгершілік миссияға дайындыққа да тартылған», – деп атап өтті Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында сөйлеген сөзінде Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Сонымен қатар, қазіргі кезде бірқатар кемшіліктер де бар. Атап айтқанда, тек Нұр-Сұлтандағы, Алматы және Талдықорғандағы үш госпиталь және 15 медпункт емдеу мекемелеріне арналған арнайы ғимараттарда орналасқан. Қорғаныс министрлігі Ақтау қаласындағы Әскери-теңіз госпиталі мен Нұр-Сұлтан қаласындағы госпиталь-емхана кешенін салу, сондай-ақ модульдік құрылымдағы медициналық пункттер үшін ғимараттар сатып алу және салу мәселесін пысықтауда.

Қарулы Күштердің әскери медицина құрамына 20 әскери-медициналық мекеме мен 130-дан астам медициналық бөлімшелер кіреді.

Жыл сайын санаторлық-курорттық емделуге 1 000-нан астам әскери қызметші мен әскери зейнеткерлер жіберіледі. Қорғаныс ведомствосы «Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңына әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын жақсартуға бағытталған медициналық көрсеткіштер бойынша санаторлық-курорттық емдеуге қатысты түзетулерді ұсынды.

Өзге де ұсыныстар ведомстволық тиесілігіне қарамастан, күштік ведомстволардың әскери-медициналық бөлімшелерінде медициналық қызметтер алуды, сондай-ақ әскери қызмет орнында әскери-медициналық мекемелердің болуына қарамастан, азаматтық денсаулық сақтау ұйымдарында әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетуді көздейді.

Қорғаныс министрлігі кадрларды даярлау және дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында медициналық мамандықтарды оқыту үшін Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтына курсанттарды қабылдауды қайта бастады. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында бірінші курстың 12 курсанты, алтыншы курстың 23 интерні және жетінші курстың 15 интерні білім алады. Заңнамаға жыл сайын 25 курсант қабылдау, резидентура бағдарламасы бойынша әскери дәрігерлерді даярлау жөнінде өзгерістер енгізу де жоспарланып отыр.