Еуроодақ Ауғанстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды
Еуропаның сыртқы іс-қимыл қызметі 29 сәуір күні Кабулдағы мешітте болған лаңкестік оқиғаға байланысты жеке мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап .
«Кабулда тағы бір жарылыс болды. Жұма намазына жиналған жамағат зардап шегіп, көп адам қаза тапты. Қасиетті Рамазан айында базар, мектеп немесе мешітке жиылған бейбіт тұрғындарға осындай сұмдық шабуылдар жасалып отыр», — делінген ЕО дипломатиялық ведомствосының мәлімдемесінде.
Еуропалық Одақ қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып көңіл айтады. Зардап шеккендердің тез сауығып кетуін тілейді. Террорға ешбір діни сенім-намымда орын жоқ екеніне назар аударады.
Ауғанстандағы зорлық-зомбылықтың күрт көбеюі ауғандықтармен қатар, халықаралық қауымдастықты да қатты алаңдатып отыр. Ауғанстанның барлық азаматтары, соның ішінде әйелдер мен қыздар, балалар, сондай-ақ этникалық және діни аз топтар өздерінің құқықтары мен бостандықтарын толық сақтай отырып, қауіпсіздікте өмір сүруге лайық.
ЕО Ауғанстанның «де-факто» билігін барлық ауған азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және кінәлілерді жауапқа тартуға шақырады.
Еуропаның сыртқы іс-қимыл қызметі терроризмге қарсы тиімді саясат пен Ауғанстанның ішінде де, оның аумағынан шығатын да лаңкестік қаупін жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру өте маңызды екенін атап өтті.