Ақмола облысында қаржы пирамидасын құрған әйелдің ісі сотқа жолданды

Ақмола облысының прокуратурасы қаржы пирамидасын құрып, салымшылардың 147 миллион теңгеден астам ақшасын жымқырған әйелдің ісін Степногор қалалық сотына жолдады, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Ақмола облысының прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу барысында Степногор қаласының тұрғыны әлеуметтік желілер арқылы табыстың жылдам өсуі туралы ақпарат таратып, 5 мыңнан астам адамды алдағаны анықталды.

«Тергеу барасында анықталғандай, пирамиданы ұйымдастырған әйел халықтың 147 миллион теңге ақшасын иемденген соң, байланысқа шықпай қойған. Ол 2018 жылы салымшыларды тарту үшін сегіз инвестициялық бағдарлама (тәсіл) құрған. Инвесторларға салым сомасына байланысты жедел төлемдер уәде еткен. Күдікті өз компаниясының сенімділігін арттырып, әлеуетті салымшыларды адастыру үшін әлеуметтік желілерде өзге салымшылардың бизнес-класс автомобильдерін сатып алғаны туралы ақпарат таратты. Компания қызметкерлеріне жаңа клиенттерді тартқаны үшін көтермелеу жүйесі әзірленді. Кейін салымшылар саны мыңнан асқан кезде төлем жасауды тоқтатты. 2021 жылы қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы қамауға алынып, үстінен Қылмыстық кодекстің 217- бабы «қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету» бойынша іс қозғалды», — деді облыстық прокуратураның баспасөз қзыметінен.