Ұйымдастырушы талаптарды орындамағандықтан, концерт өтпейтін болды — MTEX management

Бүгін «Барыс-Аренада» концерт өткізуді жоспарлаған ұйымдастырушы компания келісімшартта көрсетілген талаптарды орындамағандықтан, оған рұқсат берілмейтіні жөнінде жазбаша ескертілген. Бұл туралы «Mtex management» ЖШС бас директоры Асхат Мұқашев мәлім етті, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты.
«Zhan Alem Group» ЖШС (әрі қарай – ұйымдастырушы) 8 мамырда «Барыс-Аренада» концерт өткізбекші болды. Келісімшартқа сәйкес, ұйымдастырушы шара өтуге 6 жұмыс күні қалғанда, яғни 28 сәуірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында іс-шараны ұйымдастыру және өткізу тәртібі мен шарттары туралы нақты ақпарат беруі тиіс еді.
«Барыс-Арена» басқарушы компаниясы 27 және 29 сәуірде ескертулерді жою қажеттілігі туралы жазбаша түрде хабарлады. Келісімшарт талаптарының орындалмауына, келісу мерзімдерінің бұзылуына, рұқсат беру құжаттарының (оның ішінде Нұр-Сұлтан қалалық ПД-ден) болмауына байланысты ұйымдастырушыға концерттің өткізілмейтіні туралы хабарлама жолданды.
Сондай-ақ, «Mtex management» қала билігіне адамдардың бақылаусыз жаппай жиналуы және азаматтардың денсаулығы мен мүлкі үшін қауіп-қатер туындауы мүмкін екенін хабарлады, өйткені концертті ұйымдастырушылар шараны ресми түрде тоқтатқан жоқ. Қала билігі бұл жағдайға жедел араласты.
Барлық мүдделі тараптармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды», – деді Асхат Мұқашев.
8 мамыр күні «Барыс-Арена» сарайында отандық және ресейлік эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді деген ақпарат – жалған екенін «MTEX management» басқарушы компаниясы мәлім етті.
Кейін аталған концерттің өтетіндігі туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын Нұр-Сұлтан қалалық ішкі саясат басқармасы да растады.