Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 3,5 млрд долларға артты
Қаңтар айында Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері 3,5 млрд долларға ұлғайып, 94,3 млрд долларды құрады, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты.
Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов бүгінгі Үкімет отырысында айтты.
«2023 жылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша, алтын-валюта резервтері валютадағы активтер мен алтын бағасының өсуіне байланысты 36,7 млрд долларға дейін 1,6 млрд долларға артты», — деді Ұлттық банк өкілі.
Спикердің айтуынша, биылғы қаңтарда Ұлттық қор активтері негізгі әлемдік индекстердің өсуіне байланысты 57,6 млрд долларға дейін 3,4%-ға немесе 1,9 млрд долларға ұлғайды.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке 235 млрд теңге трансферт бөлу үшін жыл басынан бастап 228 млн долларға Ұлттық қордың валюталық активтері сатылды. Түсім 197 млрд теңгені, оның ішінде шетел валютасында – 152 млн долларды құрады», — деді Б. Шолпанқұлов.