Мәжіліс сайлауы: партиялар үндеу жариялады
Мемлекет басшысы 19 наурызға Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындады. Алдағы саяси науқанға қатысты еліміздің бірнеше партиясы үндеу жариялады, деп хабарлайды alashorda.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мәжіліс сайлауын өткізу шешімі қоғам үшін де, елдегі саяси күштер үшін де күтпеген жағдай емес екенін жеткізді. Себебі, Президент былтыр қыркүйекте сайлау күнтізбесін алдын ала, яғни ашық жария еткен болатын.
«Бұл – елдегі конституциялық реформалардың заңды жалғасы. Сондықтан, «AMANAT» партиясы Мемлекет басшысының бұл шешімін толық қолдайтынын мәлімдейді. Бұл сайлау – жаңа демократиялық дәстүрлер қалыптастыруға мұрындық болады. Еліміздің әрбір азаматы осы саяси науқанның жүгі мен жауапкершілігін терең сезінуі керек. Себебі, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұрақты дамуы үшін, халқымыздың бейбіт өмірі мен бақуатты тұрмысы үшін бәріміз жауаптымыз», — деп мәлімдеді партия төрағасы.
Сондай-ақ, ол «AMANAT» партиясы сайлауға тас-түйін дайын екендігін мәлім етті.
«AMANAT» партиясы – еліміздегі байыпты бастамалардың, оң өзгерістердің басты қозғаушы күші. Біз жалаң ұран, құрғақ уәде емес, нақты істермен айналысып келеміз. Оған – халық куә! Сондықтан, біз алдағы сайлаудың ұлтты ұйыстыратын, елді біріктіретін саяси науқан болғанын қалаймыз. Мемлекеттің мүддесі, елдің болашағы жолында жақтастарымызбен де, сыншыларымызбен де қоян-қолтық, конструктивті жұмыс істеуге дайынбыз. Барлық қазақстандықтарды алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырамыз», — дейді Е. Қошанов.
Сондай-ақ, сайлаудың тағайындалуын «Ақ жол» демократиялық партиясы да қолдап отыр.
«Бұл сайлау республиканың жаңа саяси жүйесінің қалыптасуын тәмамдап, биліктің заң шығару тармағында қоғамның кең өкілдігін қамтамасыз етуге тиіс. Осылайша, мемлекеттік басқару институттары Президент Қ. Тоқаев ұсынған және 2022 жылғы 5 маусымда жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияның жаңа редакциясына толығымен сәйкестендірілді.
«Ақ жол» демпартиясы кәсіпкерлік мүддесін қорғап, Алашорданың зияткерлік мұрасына сүйене отырып, экономика мен қоғамдағы либералды қайта құруларды табандылықпен жақтап, жемқорлық пен әділетсіздікті батыл әшкерелеп, нарықтық реформаларды ұсынып, алға жылжытып келеді. Біз шағын және орта бизнестің, отандық тауар өндірушілердің, өзін-өзі қамтамасыз ететін зиялы қауым мен табысты жастар түріндегі орта таптың қалыптасуы мен кеңеюіне талмай жәрдемдесудеміз», — делінген аталған партияның ресми мәлімдемесінде.
Ресми хабарламада айтылғандай, 20 жылдан астам тарихы бар «Ақ жол» партиясының соңғы үш парламенттік науқанға қатысу нәтижесінде сайлаушылар саны артып, халық қолдауына тұрақты ие болып жүр.
«Соңғы үш жылда партияның бастамалары мен Саяси бағдарламасы, бюрократия мен оппоненттердің қарсылығына қарамастан кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл – мемлекеттік жүйеде болып жатқан өзгерістердің, біздің саяси ұсыныстарымыздың өзектілігі мен «Ақ жол» партиясының қазіргі Қазақстанның маңызды саяси күші ретінде қажеттілігінің нәтижесі.
«Ақ жол» демократиялық партиясы өз сайлаушыларының мүддесін қорғап, Жаңа және Әділ Қазақстанды құруға лайықты үлес қосу мақсатында Президент жариялаған барлық деңгейдегі өкілді органдарға сайлауға барынша әрекеттесіп қатысады. Бұл сайлау мемлекетіміздің, әрбір қазақстандық отбасының тағдырындағы терең де түбегейлі өзгерістердің бастауы болуы керек деп есептейміз», — дейді ақжолдықтар.
Саяси науқанға қатысты Қазақстан халық партиясы да үндеу жасады. Партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаев «алдағы сайлау бұрынғы демократиялық реформалардың жалғасы және елдің сапалы дамуындағы жаңа кезең» екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Президент мемлекет пен қоғамды жаңғырту бойынша жоспарлы жұмысты жалғастырып отыр.
«Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан реформалар мемлекеттік жүйені жетілдіруге және әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл Қазақстан халық партиясының идеологиясымен әйкес келеді. Сондықтан, өткен жылы біздің партия Мемлекет басшысын қолдап, кезектен тыс президенттік сайлауда оның кандидатурасын ұсынды. Сол сияқты бірыңғай коалиция құрамындағы үгіт-насихат жұмыстарына белсенді қатысты. «Қазақстан халық партиясы» халық Президентін қолдайды, — деді партия төрағасы.
Сонымен қатар, мәлімдемеде халық партиясының алдағы сайлау науқанына белсене қатысуға ниетті екені айтылған.
«Олигархиялық капитализм дәуірі аяқталуға жақын. Біз әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мемлекет құратын боламыз. Біз оған дайынбыз», — дейді Е. Ертісбаев.
Еске салсақ, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.