Соңғы екі аптада COVID-19 жұқтыру көрсеткіші 15% өсті

Денсаулық сақтау вице-министрі — Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова сайлауалды үгіт-насихат кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«Республикамыз бойынша эпидемиология жағдай тұрақты. Бірақ соңғы 2 аптада сырқаттану деңгейінің өскені байқалып отыр. Тәулігіне 120 жағдайға дейін тіркелуде. Алдыңғы аптамен салыстырғанда, соңғы аптада сырқаттану деңгейі 15%-ға өсті. Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, республиканың барлық аймақтары «жасыл аймақта» тұрғанына қарамастан, 14 өңірде R көрсеткіші жоғары. Бұл аурудың таралуын көрсетіп отыр. Республикада жіті респираторлық вирустық инфекция және тұмау бойынша эпидемиологиялық маусым жалғасуда. Эпидемиологиялық маусым басталғаннан бері ЖРВИ-ді жұқтырудың 3 млн 400 мыңнан астам жағдайы тіркелді. Ал тұмаудың 3 мыңнан астам жағдайы анықталды», — деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Орталық сайлау комиссиясында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, сырқаттану деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға өскен. Еліміз бойынша соңғы 2-3 аптада ЖРВИ жұқтыру 1,6 есе артқан.

Осыған байланысты Айжан Есмағамбетова сайлауалды үгіт-насихат кезінде ЖРВИ мен коронавирус инфекциясын жұқтыру жиілеген өңірлерде сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.