Үкімет басшысы тозығы жеткен газ желілеріне тұрақты бақылау жасауды тапсырды

Еліміздегі газ желілерінің тозуы 60 пайызға жуықтаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Alashorda.kz сайты ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Газ инфрақұрылымының әбден тозуы да маңызды мәселе болып табылады. Бүгінгі таңда газ желілерінің тозуы шамамен 60 пайызға жетті. Жылу желілері әбден тозып-біткен Екібастұз бен Рудныйдағы жағдайды бәріңіз көріп отырсыздар. Ал, газ желілеріне қысым өте жоғары, сондықтан қауіп те жоғары», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысының атап өтуінше, магистральдық газ құбырларының басым бөлігі 30 жылдан астам уақыт бұрын салынған және қомақты қаражатты қажет етеді.
«Сондықтан, Энергетика, Төтенше жағдайлар министрліктері, әкімдер мен «Қазақгаз» тарапынан бақылау тұрақты болуы тиіс. Ал газ инфрақұрылымын жаңғырту және уақытылы жөндеу жұмыстарына басымдық берілуі керек», — деді Премьер-Министр.