Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 21 мектеп салынады
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Астанаға келіп, Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізді. Аймақ басшысы өңірде атқаралып жатқан істерге тоқталып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Ауыл шаруашылығы саласы ел экономикасының негізгі салаларының бірі болып табылады. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығының шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлерін, шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында бюджеттен субсидиялауға 1,9 млрд теңге бөлінді. Атап айтқанда, мал шаруашылығын дамытуға-818 млн теңге, егіншілікті дамытуға — 43,6 млн теңге, инвестициялық субсидиялауға — 720,4 млн теңге, сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға — 350 млн теңге. Мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 2021 жылы 127 млн теңгені бөлінсе, 2023 жылы бұл қаражат 818 млн теңгеге дейін ұлғайған.
Жалпы, өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін 2019-2021 жылдары агроөнеркәсіптік кешеннің 1005 субъектісіне 2,33 млрд теңге көлемінде субсидия бөлінген. 2022 жылы — 2,2 млрд теңгеге 661 агроөнеркәсіптік кешен субсидияланған.
Сондай-ақ өңірде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында біз «Ауыл аманаты» деп аталатын ауыл азаматтарына несие беру жобасын іске асырамыз. Жоба шеңберінде жылдық 2,5% — бен 5-7 жыл мерзімге шағын несиелер беріледі. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 250 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоба ауыл тұрғындарының әл — ауқатын арттыруға және олардың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді деген үміттемін, — деді Нұрлан Ноғаев.
Сондай-ақ әкім Маңғыстау облысында 2025 жылға дейін 21 мектеп салынатынын айтты.
«Әлеуметтік сала өңір дамуының негізі. 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту — 100%, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 84,9 пайызды құрады. Соңғы 5 жылда оқушылар саны 36 мыңға артты. 2022-2023 оқу жылына 1 800 орындық 2 мемлекеттік мектеп және 624 орындық 2 қосымша құрылыс пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, 4 650 орындық 12 жекеменшік мектеп ашылды. Нәтижесінде 3 ауысымды мектептер саны 18 ден 15-ке азайды», — деді облыс басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар, өңір басшысы білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен әрқайсысы 1 200 орындық 4 мектеп құрылысын аяқтауға 14 млрд.теңге қаражат қолдау тапқанын айтады. Оның екеуі Ақтау қаласында, екеуі Мұнайлы ауданында орналасқан.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс» деген болатын. Осы орайда Үкіметпен «жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Ұлттық жоба аясында облыста 2025 жылға дейін 2 ауысымда 44 мың орындық 21 мектеп құрылысын салу жоспарланды. Барлық мектептің жер учаскелері бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен толықтай қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, биыл NCOC компаниясы демеушілігімен Бекі ауылында 100 орындық мектептің құрылысы басталды. 2021 жылдан бастап ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары басталып, соңғы екі жылда 43 мектеп жаңғыртылды. 2025 жылға дейін 103 ауыл мектебін жаңғырту көзделуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы оқу жылынан бастап 2-ші және 4-ші сынып оқитын 44 мыңға жуық баланың барлығы ыстық тамақпен қамтамасыз етілетін болады. Осылайша облыс бойынша тегін тамақпен барлығы 90 мың бала қамтылады», — деді Нұрлан Ноғаев.
Биыл Маңғыстау облысында 238 шақырым жол жөнделеді.
«Экономикалық өсім өңір инфрақұрылымына да тікелей байланысты. Оның ішінде автомобиль жолдары өңір экономикасына тың серпін беретін маңызды сала. 2022 жылы автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту мақсатында облыстық және аудандық маңыздағы жолдарға бюджеттен 7,1 млрд теңге бөлініп, 48 шақырым жолға асфальт төселді. Бұдан басқа, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп, жалпы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын 8 ауылдың ішкі жолдарына құрылыс жұмыстары жүргізілді», — деді облыс басшысы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының нормативті жағдайы 96 пайызды құрады. Аталған көрсеткіш бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда тұр.
«Биыл 238 шақырымды қамитын 13 жобаны іске асыру жұмыстары басталады. Сонымен қатар, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 8 ауылдың ішкі жолдарына құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Осы жылда көзделген жұмыстардың нәтижесімен жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97 пайызға көтеру қамтамасыз етілетін болады», — деді Нұрлан Ноғаев.