Таскескендегі торқалы той турасында
Елде бірнеше айдан бері «Таскескенде той болады» деген ақпарат желдей есті. Оның себебі де жоқ емес, осыдан біраз бұрын сырт қарағанда елеусіз жатқан ауылда дүбірлі дода болады десе, ешкім сенбес еді.
Таскескен – тоғыз жолдың торабында орналасқан ауыл. Олай дейтініміз, Қытай, Ресей және Өзбекстанға кететін халықаралық маңызы бар жолдардың тура қиылысында тұр. 90 жылдардағы тоқырауда аудан орталығы статусынан айырылып, тоз-тозы шығып, ауыл баққан ер қалмай, жұрт жөңкіле қалаға қарай ағылған. Заңғар жазушы Қабдеш Жұмаділов жатқан қастерлі мекен 2010 жылдан бері қарай ес жиып, етек жия бастады. Оның себебін Таскескендегі екі мектептен түлеп ұшқан жастардың ауылға жәрдем беруімен түсіндіруге де болады. Тұрғындардың да бірлігі күшейіп, берекесі арта түскен.
Сондай жастың бірі – Алматыдағы Q4 Tulpar автомобиль компаниясының, Qareket менторлық мектебінің негізін қалаушы – Талғат Сақан. Таскескенде туып, 11 жылдық мектепті тәмамдаған Талғат – түрлі кәсіппен айналысып, өз жолын тапқан азамат. Жүрген жерінде ауылын аузынан тастамайтын жігіт ағасы жыл сайын мәрттік жасап, ауылды қолдау акцияларын ұйымдастырып отырады. Көкейінде жүрген игі ісін биыл жасауға бел буып, туған жеріне той жасаудың қамына кірісті. 19-20 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылды қолдауға арналған бастамаларын әрі қарай жалғастырып, торқалы той өткізді. Таскескен қақпасын тұрғызылып, тұсаукесер рәсімі өтті. Мерейлі іс-шараның алғашқы күні қазақ күресінің майталмандары ел алдында бәсекеге түсті. Танымал балуандар түгел келген додада аягөздік Дәурен Нұралиновтың асығы алшысынан түсіп, Таскескен кубогының иегері атанды және автокөлікке ие болды.
Жиынның екінші күні аламан бәйге, тайжарыс және Таскескен шабандоздарына жеке бәйге ұйымдастырылды. Жеңімпаздар автокөлік, мотоцикл және ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ сұлу сөздің қаймағын қалқып ішкен ақындар айтысы өтті. Айнұр Тұрсынбаева, Балғымбек Имашев, Бекарыс Шойбеков, Сара Тоқтамысова, Мұхтар Ниязов сынды марғасқалар сахна көрігін қыздырып, жиналған көрерменге керемет айтыс жасап берді. Нәтижесінде Сара Тоқтамысова жеңімпаз атанып, автокөлік мінді. Ұйымдастырушы тарап Балғымбек Имашевке де темір тұлпар сыйға тартты. Ал эстрада жұлдыздары Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Мәдина Садуақасова, «Алатау серілері», «Алашұлы» топтары және түркиялық Мурат Япрак екі күн бойы Таскескенді әсем әндерімен тәнті етті.
Адамға қайраткерлік қасиет туған топырағынан дариды деп жатады білетіндер. Бұл енді генетикалық тұрғыдан алғанда дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Талғат Сақанның арманы Таскескен ауылын республикамыздағы үлгілі ауылдың біріне айналдыру екені анық. Ол туралы кейіпкеріміздің өзі «Маған Жақсылық Үшкемпіровтың «қазақтың 5000 азаматы ауылдарды қолдап жіберсе, одан артық бақыт бар ма» деген сөзі қатты әсер етті» дейді. Туған ауылының тұғырын биіктету үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген меценатқа ауыл тұрғындарының алғысы шексіз.
P.S.: Талғат Сақанның бастамасы жалғасын тапты. мектепті тәмамдағанына 30 жыл толған 1976 жылы туған азаматтар Таскескенге биіктігі 21 метр тұғырға орнатылған ту тіксе, 1984 жылы туған өрендер ауыл тұрғынына үй сыйлады.
Мадияр Қазыбек, спорт журналисі
Алматы – Таскескен – Алматы