Ертісбаев Тоқаевтың Қаңтарға байланысты пікіріне қарсы шықты (ВИДЕО)

Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамед Ертісбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтарға байланысты көзқрасына қарсы пікір білдірді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
Партия төрағасы өзінің Ертысбаев Live ютуб каналында Желтоқсан мен Қаңтар жай ғана оқиға емес, көтеріліс екенін айтты.
«Мен бір нәрсені түсінбеймін. Біз белгілі бір нәрсені неге өз атымен атамаймыз? Біз неге өз тарихымызды сонша құнсыздандырамыз. Мысалы біз әлі күнге дейін «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы» деген сөзді пайдаланамыз. Бұл шын мәнінде қатардағы оқиға болған жоқ. Бұл нағыз қазақ жастарының көтерілісі болды. Саяси жүйге қарсы 10 мыңнан астам азамат қатысқан Кеңес үкіметі терроториясында болған ең бірінші ашық қарсылық. Бұл тәуелсіздікке жол ашқан қадам болды.
Дәл сол сияқты 2022 жылғы қаңтар оқиғасында айтуға болады. Егер револиция деген сөз ұнамаса, жалпыхалықты наразылық болғанын жоққа шығару мүмкін емес. Халық биліктің негізгі бастауы және тарихты жасаушы болып саналады», – деді ол
Ермұхамед Ертісбаев тарихшылардан 1986 жылғы Желтоқсан мен 2022 жылғы қаңтар оқиғасын қалай атау керек екенін анықтауға шақырады. Сондай-ақ ол өзінің достары мен партияның орталық аппараты Қаңтарға байланысты ашық пікір білдірмеуді, себебі жоғары жаққа ұнамай қалуы мүмкін екенін ескерткенін айтты. Алайда партия басшысы елде демократия екенін алға тартып, ойын ашық айтуға тәуекел еткен көрінеді.
Жуырда мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетінің «Демек бұл жүзеге аспай қалған мемлекеттік төңкеріс қой. Ендеше Қаңтар оқиғасын халық көтерілісі, тіпті революция деп атап жүргендерге не айтар едіңіз?» деген сұрағына жауап берген болатын. Бір қызығы президенттің жауабы Ермұхамед Ертісбаевтың көзқарасына қайшы шыққан болатын.
«Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеруге автомат, тапанша және суық қару ұстап барады?! Ниеті дұрыс адам әскери қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?! Бейбіт шеруде дүкендер мен банктер қиратылып, тоналып, көліктер өртеле ме?! Билік органдарының ғимараттары мен полиция бөлімдеріне жасалған шабуылды айтпай-ақ қояйын. Осындай жаппай тәртіпсіздіктің салдарынан үш миллиард долларға жуық шығын келді.
Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қылмыстық әрекеттерді ақтау үшін айтылуда. Барып тұрған бұзақыларды батырға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңаржақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін», – деді президент.
P.S. Қазақстан жағдайында партия басшысының президенттің көзқарасына кереғар пікір айтуы тосын жаңалық. Ермұхамет Ертісбаев бұрынғы басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа арқа сүйеп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы шығып отыр ма? Назарбаев демекші, Ермұхамед Ертісбаев өткен жылы Болат Назарбаевтың қазасынан кейін экс-президенттің шақыртуымен арнайы асқа барған болатын. «Аманат» пен «Ақ жол» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов пен Азат Перуашев бармаған асқа сол кезде «Бұлбұлдың» баруы қызық көрінген.