Мемлекеттік комиссиясының арқасында біраз дерек ашылды – Тарихшы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы саяси-қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясы құрылған болатын. Аталған комиссия ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін кешенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуге мүмкіндік берді.
Былтыр желтоқсан айында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссиясының соңғы отырысы өтті. Басқосуда Мемлекеттік комиссияның және оның аймақтық бөлімшелерінің жұмысы қорытындыланды. Комиссия, ең алдымен, зерттеу-іздеу және жинақтау-талдау жұмыстарына баса мән берді. Оның қызметін үйлестіру үшін Жобалық кеңсе құрылып, құрамына ғалымдар, зерттеушілер және мемлекеттік органдардың өкілдері кірді.
Түрлі санаттағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын қамту үшін нақты тақырыптар бойынша бөлінген үш ғылыми топ жасақталды. Әр өңірде аймақтық комиссия құрылды. Мемлекеттік комиссия құрамында 425 ғалым мен зерттеуші, оның ішінде 260-тан аса маман аймақтық комиссияда еңбек етті. Олар еліміздің түкпір-түкпіріндегі 60-тан астам мемлекеттік және ведомстволық архивте ауқымды жұмыс атқарды. Қазірдің өзінде 2,6 миллионнан астам құжат пен материалдан құпия белгісі алынып тасталды.
«Әділовтердің ісіне ерекше көңіл бөлдім»
Тарихшы Күлпәш Ілясова мемлекеттік комиссия үш жыл ішінде біраз жұмыс атқарғанын айтады.
«Өзіңіз білесіз бұл бағыттағы жұмыстар Тәуелсіздік алған жылдардан қарқын ала бастады. Бірақ соңғы үш жылда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша жұмыс істеген комиссия өнімді жұмыс істеді. Себебі Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі қорларда бұған дейін сақталған көптеген құжаттар құпиясыздандырылды. Бұл құпиясыздандырылған құжаттар бойынша тарихымыздың толық болмай тұрған тұстарына қатысты біраз құжат таптық.
Бұған дейінгі комиссиялардың қорытындыларында сот тергеу процестеріне байланысты санаулы ғана құжаттар мен материалдар жинағы шыққан болатын. Біз осы жұмыстары одан әрі жалғастырдық. Сондай-ақ біздің алдымызда зерттеу жұмыстарын бастаған Мәмбет Қойгелді секілді ғалымдар Алаш ісін одан әрі тереңдетіп, бірнеше том кітабын шығарды. Ал өзіміздің мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесін белгілі қоғам қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымов басқарды.
Жобалық кеңсесінің ұтқан жері аймақтағы ақталмаған адамдардың аты-жөнін жарыққа шығару болды деп есептеймін. Себебі біз бұған дейін ең ірі саяси элиталарды ақтап, тек соларды ғана танып білдік қой. Ал қазір жергілікті жердегі бізге белгісіз болып келген яғни 58-ші бап секілді әр түрлі іспен сотталған адамдардың есімдері анықталды. Бірақ қазір бұл адамдардың аты-жөнін дөп басып айту қиын. Басы басталған жұмыстың одан әрі зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Мысалы өзім Астана қаласының өңірлік мүшесі болдым. Астанада ағайынды Байсейіт, Дінше және Асқар Әділовтердің ісіне ерекше көңіл бөлдім. Бас аяғы он шақты ағайынды Әділовтер Кеңес үкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы күреседі. Осы істерге баса назар аударып, мақала жаздық. Бұған дейін Әділовтің ісін жазған адамдар болды. Бірақ біз оны жарияланбаған құжаттармен байыта түстік деп ойлаймын», – дейді тарихшы.
«Азап ісі» бойынша 23 адам сотталды»
Сондай-ақ Күлпәш Ілясова 1929 жылдың желтоқсан айындағы «Азап ісіне» назар аудартты.
«Бұл іс бойынша Совет үкіметінің қызметкерлері дер кезінде ет, астық жоспарын орындамағаны үшін айыпталады. Олар «Салықты дер кезінде бермедің» деп жергілікті халықты қысып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Бұл істің басында өзіміздің қазақтар бар. Олар жоспар орындамаған адамдарды ұрып-соғып, қараша, желтоқсан айының қақаған суығында суық сумен қинаған. Кейін азап көрген адамдар жергілікті органға шағым түсіріп, осыған байланысты 23 адамға «Азап ісі» деген сот процесі басталған. Сонымен не керек, «Совет үкіметінің жоспарын орындаймыз» деп жүрген 23 адам сотталып кетеді. «Үкімет өз адамын неге соттады?» десек, сотта оларға «Жұмысшы мен шаруа билігін жаман қырынан көрсеттіңдер. Советтік билік теңдік болғаннан кейін халықтың жанында болу керек. Мына сендердің тірліктерін не?» деген айып таққан. «Азап ісі» бойынша басшылықта болған адамдардың өзін жазалаған екен. Біз білмейтін осындай істер көп және олардың көпшілігі әлі ашылмаған. Себебі кейбір құжаттар әлі құпиясыздандырылмағаннан кейін оларға қолымыз жетпей жатыр. Себебі оларды жариялауға болмайды.
«Асқар Әділов тегінен неге бас тартты?»
Сондай-ақ осы Астанада 1935 жылы Хайретдин Болғанбаевтың 20 адамнан құралған Совет үкіметіне қарсы тобы болған екен. Құжаттарды тарихшылар оқығанымен құпиясыздандырылмағаннан кейін ол адамдардың аты-жөнін жариялай алмай отырмыз. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасатын шығар деп ойлаймын. Біздің ғалымдар көптеген құжатарды құпиясыздандырды. Бірақ соларды жинақтап, жүйелі түрде жазуға жол ашылды.
Қазіргі таңда біз ақталған азаматтардың санын анықтауға күш салып жатырмыз. Мысалы ағайынды Әділовтердің көпшілігі ақталған. Әйтсе де Бейсейіттің Асқар деген інісі түрмеде отырып келген. Оның қызы Қарағанды қаласында тұрады екен. Сағымбай Жұмағұлдың «Естеліктегі Алаш» атты еңбегінде қайраткердің қызы әкесі туралы жазады. Асқар Әділов түрмеден кейін қиындықты көрген және елге келген соң артық әңгіме айтпай, томаға тұйық өмір сүріпті. Кейін ол тегін Әділовтен апасының атасына орай Мыңжасаров дегенге ауыстырып алыпты», – дейді ол.
«Дәрігер студент көзқарасы үшін сотталды»
Күлпәш Ілясова мемлекеттік комиссия 1930 жылдардан бөлек 1960 жылғы істерге назар аударғанын ескертті.
«Әріптесім Данагүл Махат «Қазақстан тарихы» порталында «Бекжанов ісі» деген материал жариялады. 1960 жылы медициналық институттың 5 курс студентін ұлттық көзқарасы үшін соттаған. Оны тіпті жындыханаға жатқызып, әбден қинаған екен. Бірақ үш жылдан кейін оның ісінде қылмыстық құрам жоқ деп босатады. Өкінішке қарай ол бауырларынан шалғайдағы ауылда отбасын құрмастан бөлек тұрыпты. Адам емдейтін дәрігер бола тұра, ол сауда-саттық жасап күн көрген екен. Бір қызығы ол өз қорасына «Враг народа» деп жазып қойған», – дейді ол.
Күлпәш Ілясова комиссия жұмысының арқасында 1930 және 1950-1960 жылдардағы «Бекжанов ісі» секілді 58 бап бойынша сотталған біраз істер ашылғанын айтты. Сондықтан да тарихшы комиссия жұмысының нәтижесі айрықша болғанын ескертті.