Астана әкімі жолақы неге қымбаттайтынын түсіндірді

Бүгін Үкімет Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы мақұлданды, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.

Үкімет отырысынан кейін Астана қаласы әкімі Жеңіс Қасымбек журналистердің сұрақтарына жауап берді. Әріптестердің бірі әкімге «Қоғамдық көліктегі жолақы құны 90 теңгеден 110 теңгеге неге қымбаттайды?» деп сұрақ қойды.

«Соңғы рет билетке қатысты тарифтің құны 2014 жылы 90 теңге көтерілген екен. Бүгінгі тарифке қатысты шешім 10 жыл бұрын қабылданған. Он жылдың ішінде бензин, газ және дизел секілді жанар майдың бағасы басқаша өсті. Күні кеше тұрғындармен кездескенде жүргізушілердің жалақысы 500 мың теңге екенін айттым. Мысалы 10 жыл бұрын жүргізушінің жалақысы одан 2-3 есе төмен болған шығар? Сондықтан біз осындай шешімге келіп отырмыз.

Бүгінде бір жолаушыны тасымалдау үшін автопарктар 300 теңгеден бастап, 500 теңгеге дейін жұмсайды. Арасындағы 300-400 теңгені жергілікті бюджеттің есебінен субсидия ретінде компанияларға беріп отырмыз. Бір адамды тасымалдау үшін компания 300-400 теңге жұмсап отыр. Расында билеттің құны осындай. Бірақ оны біз 100 теңгенің маңайында әлеуметтік маңызды сала деп ұстап отырмыз. Сондықтан осыны түсіну керек. Енді ондай деңгейде ұстауға ары қарай мүмкіндік жоқ. Бәрі бір ол қаражат субсидия ретінде сіздің қалтаңыздан сол жаққа кетіп отыр» — деп түсіндірді әкім.