Астанадағы Тұран даңғылында қозғалыс қайта жанданды

Қазіргі уақытта Орынбор көшесі мен Тұран даңғылы қиылысатын аумақта магистральдық кәріз коллекторын салу жұмысы аяқталды. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.

«Тұран даңғылының бойымен көлік қозғалыс екі бағытта да ашық. Бақылау камераларын орнату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты қалаға Ұлы дала көшесі арқылы кіретін бағыт бойынша шеткі оң жақ жолақ және Тұран даңғылынан Орынбор көшесіне қарай оң жақ бойында қозғалыс шектеледі. Бірақ бұл жалпы қозғалысқа әсер етпейді, өйткені қозғалыс екі бағытта да ашық», — делінген хабарламада.

Айта кету керек, бұл жобаны іске асыру елорданың инженерлік инфрақұрылымын дамыту және тұрмыстық кәріз желілерінің тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін өте қажет.