Әнші тасқынға әкімді емес, пейілі тарылған халықты айыптады

Танымал әнші, композитор Жұбаныш Жексенұлы еліміздегі төтенше оқиғаларға адамдардың өздері себепкер болғанын айтты.

Өнер иесі желіге жазба қалдырып, ойы мен пайымын білдірген.

«Соңғы кездері елімізде болып жатқан ауыр жағдайға байланысты менің ойым, мысалы, қаншама елді су алып, қаншама отбасы үйсіз қалды. Одан да басқа жағдайлар болып жатыр. Соның бәрі бір-біріміздің көңілімізді қалдырғаннан, ренжіткеннен, пейілдің тарылғанынан, пиғылдың жаман болғанынан деп ойлаймын. Солай деп естігенмін негізі. Адамның ниет-пейілі бұзылса, осындай табиғи апаттарға әкеп соғады. Сондықтан біз тезірек ниет-пиғылымызды түзеп, мінезімізді өзгертіп, сөзімізді, ойымызды, көзқарасымызды өзгертіп, іс-әрекетімізді дұрыстап, жайбарақат, музыка тыңдап отыратындай, аспанымызда ән қалықтайтындай жағдайға жетсек екен дейміз. Құдай бізге сабыр берсін, аман болайық», деп жазды әнші.

Эстрада жұлдызының жазбасынан кейін, оқырман пікірі екіге бөлінді. Бірі қолдап жатса, енді бірі дер кезінде шара қолданбаған биліктің кесірі дейді.

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жасады. Аталған үндеуде “Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес” деп айтты. Мемлекет басшысы тасқын суға халықтың пейілі емес, жергілікті биліктің әрекетсіздігі себеп болғанын аңғартқандай.