Бишімбаевтың ісіне байланысты Германияда митинг өтті (ВИДЕО)

Instagram қолданушысы Сымбат Серікова Германияда Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы Заң қабылдануы үшін бейбіт шеру ұйымдастырды.
«Бірде-бір әйел өзіне көрсетілген зорлық-зомбылыққа кінәлі емес. Бірде бір әйел күйеуінен немесе жігітінен қорықпауы тиіс. Қыздарға Ұлболсын, Ұлмекен т.б. есім қойылмауы қажет. Әрдайым үйден шығатын кезде не киетінімізді ойланбауымыз керек. Зорлыққа ұшырағандар кінәлілердің істеген ісі үшін өзін кінәлап, ұялмауы керек. Көбінде жәбір көрсетушілерді «жануарға» теңеп жатады. Бірақ, олар жануарлармен де салыстыруға келмейді», — деген ол Берлинде ұйымдастырылатын бейбіт шеруге желі қолданушыларын шақырған.
Сымбат Серікова бастапқыда алаңға 10-15 ғана адам шығады деп ойлаған. Алайда, Берлин орталығына 120-дан астам адам жиналып, Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялауды қолдау мақсатында ұйымдастырылған бейбіт митингке қатысты. Бейбіт шеруге тек Қазақстан азаматтары емес, сондай-ақ Әзербайжан, Үндістан, Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Украина, Оңтүстік Корея және т.б. сияқты басқа елдердің өкілдері қатысқан.
Бейбіт шеруге қатысушылар:
«Мен елімізде болып жатқан патриархалдық озбырлыққа қарсымын».
«Мен Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсымын. Статистика бойынша жыл сайын 400-ге жуық әйел қайтыс болады».
«Мен бұл акцияға Қазақстандағы әйелдер мен қыздардың қауіпсіз өмір сүруі үшін келдім».
«Қазақстанда әйелдер құқығын қорғалуы үшін бұл шеруге қатыстым. Біз бұл әділетсіздікпен күресуіміз керек».
«Жақында зорлық көрген қыздардың киімдері көрсетілген мұражайда болдық. Олардың ішінде хиджаб, әскери киім және балалар көйлегі болды. Сондықтан зорлық көру киімге байланысты емес».
«Менің бұл жаққа келу себебім, әр әйел зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін».
«Мен өзім Қырғызстаннанмын. Жалпы, Орталық Азияда әйелдерге зорлық-зомбылық фактісі жиі тіркеледі және көпшілік мұны қалыпты жағдай деп санайды. Әрбір зорлаушы мен жәбірлеуші жазасыз қалмауы керек».
«Біріншіден, заң қабылдануы керек. Екіншіден, полиция қызметкерлері мен үкімет өкілдері олар әйел құқықтарын қорғауы керек. Дәстүрдің бұрысы да дұрысы да бар. Бұрыс дәстүрлерді артта қалдырып, дұрыс дәстүрлерді ұстануымыз қажет. Дамыған және қабілетті ел болуымыз үшін әйел құқығы туралы заң қабылдануы қажет».
«Мен мұнда Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы туралы заң қабылдануы үшін келдім».
«Мен мұнда әділеттік үшін және Қазақстанда болып жатқан қылмыстық оқиғалардың алдын алу үшін келдім. Аналардың, қыздардың, әйелдердің құқығының қорғалуы үшін осындамын», — деп пікірін білдірді.
Ал Сымбат Серікова болса «Қазақстанда әйелдерге көрсетілетін зорлық-зомбылық мәселесі әрқашан болған. Мұның бір себебі – тиісті жазаның болмауы. Елдің жағасын ұстатқан Салтанат Нукенованың өлімі зорлық-зомбылықтың алғашқы және соңғы мысалы емес. Бір-екі күнде ұйымдастырылған бұл бастамама көп адам назар аударғанына таң қалдым. Бұл мені шабыттандырады», — деп бейбіт шеруді қолдаушыларға алғысын білдірді.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ