Салтанат Нүкенованың өлімін тіркеген жедел жәрдем қызметкері сотта не айтты
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Салтанат Нүкенованың өлімін анықтаған жедел жәрдем дәрігері Нұрлан Мұхамбеденов жауап беріп жатыр.
Оның айтуынша, 2023 жылы 9 қараша кешкі сағат 19:55–те BAU мейрамханасынан қоңырау түскен.
Онда әйелдің ес-түссіз, дем алмай жатқаны айтылған. Жедел жәрдем 8 минутта оқиға орнына жеткен.
«Менің қасымда жүргізуші және көмекшім болды, үшеуміз реанимациялық бригада ретінде мейрамханаға кірдік. Бізді айыпталушы Байжанов сыртта күтіп алды және 2-қабаттағы VIP бөлмеге алып келді. Жол бойы сөйлескен жоқпыз. Диванда жалаңаш денесі көрпемен жабылған әйел жатты. Мәйіт құсатып бетіне дейін көрпемен жауып тастаған. Оны еденге түсіріп, жүрек-өкпе реанимациясын бастадық», — деді Н. Мұхамбеденов.
Жедел жәрдем дәрігері пациенттің пульсі соқпағанын, тынысы мен жүрек қағысы да тоқтағанын атап өтті. Терісі салқын тартқан және бозарған, көзінің қарашықтары үлкейген.
«Көзге көрінетін дене зақымы ретінде бет, мұрын гематомасын, иектегі соққыларды, сондай-ақ жамбасындағы жарақат пен балтырындағы гематоманы айтуға болады. Көзінің айналасы, қолы иықтан төмен көгерген. Байжанов бізге марқұмның паспорттық деректерін берді. Біз дене жарақаты мен өлім жағдайы жөнінде 102-ге хабарладық. Содан кейін полиция, аға лейтенант Марченко келді. Мәйітті тапсырып, сағат 22:39–да шықтық», — деді дәрігер.
Сонымен бірге, куәгер Бишімбаев пен Байжановтан оқиғаның себебі мен анамнезін сұрағанын, бірақ тиісті жауап ала алмағанын жеткізді.
Екеуінің әңгімесі кедергі келтіргендіктен дәрігер олардың сыртқа шығуын сұраған.