Әнші президенттің тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталды
Әнші Димаш Құдайберген туған жері Ақтөбеге келді. Ол саяжай аумағында тұратын, бірақ қазір баспанасын тастап № 40 мектепте уақытша тұрып жатқан тұрғындармен кездесті. Осылайша қиын сәтте жерлестерімен бірге екенін жеткізіп, қайырымдылық қорына қаржы аударды Alashorda.kz сайты Қазақпарат-қа сілтеме жасап.
Елімізде су тасқыны басталған кезде халықты сабырға шақырып, өзінің қай сәтте де қолдауға әзір екенін жеткізген әнші Димаш Құдайберген бүгін Ақтөбе облысына келді.
Ол алдымен баспанасына су кірген қамкөңіл жерлестеріне демеу болып, олардың жанынан табылды.
Жылы сөзін арнап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасы негізінде елдегі атқарылып жатқан істерге тоқталды.
— Бала кезден бастап тілеуімді тілеп, биікке қанат қағып, қалықтап жүрсін деген тілек тілеп жүрген жерлестерімнің қал-жағдайын білмей кете алмадым. Жаңалықтардан мемлекет тарапынан ауқымды сомада көмек беріліп жатыр дегенді оқып жатырмын. Ең бастысы, еліміз аман болсын, жұртымыз тыныш болсын, — деді әнші.
Өзі де игі істен шет қалмай, туған жеріне сапары барысында қайырымдылық қорға ақша аударды.
Тіпті күн-түн демеу тынымсыз еңбек етіп, су тасқыны кезінде бел жазбай көмектесіп жүрген еріктілермен кездесті.
Гуманитарлық көмек беру орталығының үйлестіру жұмысымен танысты.
Бұл ақтөбеліктер үшін үлкен демеу, қолдау сапары болды.
Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша «Анаға тағзым» орталығы негізгі гуманитарлық көмек қабылдау орны деп бекітілді.
Мұнда қазір Атырау, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарымен қатар Қырғызстаннан да көмек келіп, қабылданды.
Осы орталықтағы еріктілер азық-түлік, киім-кешек пен төсек-орынды, гигиеналық заттарды сұрыптап, әзірлейді.
Сұраныс түскен сәтте бірден жинақтап, жүк көліктеріне тиеп береді. Ал тасымалдау қызметіне автоеріктілер жұмылдырылған.