Вице-министр басшысының аты-жөнін білмейтін болып шықты (ВИДЕО)

Бүгін Үкімет отырысынан кейін Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.

Елде тасқын су басталғалы бері Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов журналистердің алдына шықпады. Сәуірдің 2 күні Үкімет отырысына келген Бауыржан Сыздықовке бүгін тағы басшысының орнына жауап беруге тура келді.

Нақтырақ айтсақ «Шыңғыс Әрінов журналистердің алдына неге шықпайды? Министр жауапкершіліктен қашып жүрген жоқ па?» деген сұрақ вице-министрге қойылды.

«Қазіргі таңда Атырау мен Батыс және Солтүстік Қазақстан облысында өте күрделі жағдай болып жатыр.  Премьер-министрдің тікелей тапсырмасы бойынша төтенше жағдай министрі Жеңіс Арынұлы Атырау мен Батыс Қазақстан облысындағы  елді-мекендерде жүр. Халықпен бірге су тасқынының зардабын төмендетсек деген іспен айналысып жүр.  «Жауапкершіліктен қашып жатыр» деп айту ол ұят болады. Сіздің ер азамат ретінде бұлай айтқаныңыз ұят. Ертең барлығы қалпына келсе, ол кісілер орталыққа келеді. Қазіргі таңда Төтенше жағдай министрлігінің басшыларының барлығы аумақтарда жүр. Ол кісі келер сол кезде сұрайсыздар», – деді ол.

Бір қызығы вице-министр өзінің басшысы Шыңғыс Әріновтың аты-жөнін Жеңіс Арынұлы деп шатастырып айтты. Шын мәнінде министрдің аты-жөні Шыңғыс Сайранұлы Әрінов болатын.

Бұдан бөлек, журналистер министрге қатысты «аймақтарда ит пен мысықты құтқарып, қара пиар жасап жүр» деген пікірлер туралы оның орынбасары Сыздықовтан сұрады.

«Көршілес мемлекеттерге қарасақ, мысық пен ит түгілі, өкінішке орай, адамдарын құтқара алмай жатыр. Ал біз бүкіл адамды құтқарып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Қазақ айтады «ит жеті қазынаның бірі» деп, ол да тірі жан ғой. Қазір оларды да қауіпсіз жерге көшіріп жатырмыз», – деп жауап берді министрдің орынбасары.

Ол басшысы Шыңғыс Әріновтің халықпен бірген жүргенін алға тартып, осындай уақытта адам шығынына жол бермеуі министрдің «білімі де, тәжірибесі де жеткілікті екендігін» дәлелдейтінін алға тартты.

@serik_joldasbay

♬ оригинальный звук — sayasi_satira