Қазақстан Ресейдің телефон кодынан неге бас тартпай отыр?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиев +997 телефон кодына байланысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.
Әріптестердің бірі “Бұған дейін +7 телефон кодынан 997 кодына ауысу бастамасы көтерілген болатын. Кейін +7 қала беретініміз белгілі болды. Телефон кодына ауыстыруға байланысты жұмыс неге тоқтап қалды?” деп сұрады.
“Біз +7 қолданған адамдарға ыңғайлы деп ойлаймыз. Телефондағы нөмірлерін, контактыларын ауыстырмау үшін +7 ыңғайлы деп ойлаймыз”, — деді министр.
Сондай-ақ министрге “+997 орнату үшін де қаншама қаражат кетті?” деген сұрақ қойылды.
“Қанша қаражат кеткенін айта алмаймын. Анализ, консультация бойынша +7 халыққа дұрыс деп ойлаймыз” деді ол.
Журналистің “Бұрынғы Совет үкіметіне мүше Ресей мен Қазақстаннан басқа мемлекеттердің бәрі +7 кодын ауыстырған екен. Ал сіз +7 қолданғанға ыңғайлы деп отырсыз. Бізге телефон тергенде ыңғайлы екен деп +7-де қалған маңызды ма, жоқ әлде ұлттық қауіпсіздік маңызды ма?” деген сұрағына министр
“Ұлттық қауіпсіздікке байланысты мәлімет бере алмаймын. Меніңше қазір қауіпсіздік жағынан алаңдауға негіз жоқ” деп жауап берді.
Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ