Жолдас Батырхан Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары қызметіне Жолдас Батырхан тағайындалды. Ол бұған дейін облыстың Дін істері басқармасын, Білім басқармасын және Темір ауданының әкімі қызметтерін атқарып, Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болды.
ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша Жолдас Батырхан облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
«Жолдас Нұрланұлы Батырхан – мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті әрі тәжірибелі маман. Ақтөбе өңірінде бірқатар жыл еңбек етті. Аудан әкімі, білім басқармасының басшысы, одан кейін Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. Өзіне жүктелген міндетті орындап, абыройлы жұмыс істеді деп ойлаймын. Жаңа қызметте ол ішкі саясат, мемлекеттік тіл және жастар саясаты, дін, мәдениет, білім және спорт мәселелеріне жетекшілік етеді. Білікті кадр ретінде өз жұмысын кәсіби деңгейде атқарады деп сенемін», — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жолдас Батырхан 1998 жылы Ақтөбе педагогикалық институтын, 2019 жылы Қазақ-орыс халықаралық университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1998 жылы Темір ауданының Сартоғай негізгі мектебінде бастады. Түрлі жылдары Темір ауданының №6 Шұбарқұдық негізгі орта мектебінің директоры, Темір ауданының Тасқопа ауылдық округінің, Шұбарши кенттік округінің әкімі, Темір аудандық білім бөлімінің басшысы, Темір аудандық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы болып қызмет еткен. 2015-2022 жылдары Темір ауданы әкімінің орынбасары, Ақтөбе облысының дін істері басқармасының басшысы, Темір ауданының әкімі, Ақтөбе облысының білім басқармасының басшысы болды. 2023 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді.
«Сіз білдірген сенім үдесінен шығып, осы уақытқа дейін білім мен мен тәжірибені туып өскен өңірдің дамуына жұмсауға барымды саламын», — деді Жолдас Батырхан.