«Коучтардың үгіт-насихаты қазақы тәлім-тәрбиеге кереғар келеді»

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы  Тұрар Сәттарқызы ата-ана баласына батыстың құндылығын сіңіріп жатқанын айтады.

«Ата-аналар батыстың құндылығын өзі сіңіріп алғаны аздай, енді оны өздерінің ұрпақтарына қалыптастыруда. Баланың ұлттық рухта тәрбиелеуді белгілі жазушы Зейнеп Ахметова апамыз үнемі айтып жүреді. Бірақ оған құлақ асып жатқан адам аз. Мысалы Зейнеп апамыз «Біздің тұсаукесеріміздің ішінен кәрістің ғұрыпы кіріп кеткен» дейді. Мысалы баланың алдына болашақта қай мамандық иесі болатынын болжайтын заттар қояды.

Мен ауылда көпбалалы отбасыда өстім. Бала еңбектегеннен кейін жүруге икемделе бастағанда «Мына бала жүрейін деп жүр екен» деп беті-қолын жуады да, шкафтың ішінен жаңа жуылған киімін кигізіп тұсауын кесе салады. Баланың тойын жасап, жіп байлап, алдына ақша, домбыра қойған қазақты қайдан көрдің? Осыны өткенде белгілі әнші Сәкен Майғазиев «Міне, біз баланың тұсауды кесіп жатырмыз. Бұл қазақтың дәстүрі. Бірақ, Зейнеп, Клара апаларым қазіргі тұсаукесердің ішінде кәрістен кірген ғұрып бар» деп жазыпты. Әншіге қарсы пікір жазған азаматтар «Сәкен Майғазиев қазақтың салт-дәстүрінде тұсаукесу болмаған» деп айтып жатыр» деп сөздің байыбына жетпей, байбалам салған екен. Бұған енді не дейсіз?

Ал бұл қазіргі таңда жастардың қанына сіңіп бара жатыр. Бұны дәлелдей алмайсың. Бұл аздай енді бізге «Цветная  вечеринка»  деген «дәстүр» кірді. Алдағы 10-15 жылда жастар «Гендер пати қазақтың дәстүрі» деп жүрсе, енді оған ешкім таңқалмайтын шығар. Себебі, қазақ жастары жат жұрттық мәдениетті бойына сіңіріп жатыр. Сондай-ақ елдің алдында ақыл айтып жүрген неше түрлі коучтар бар. Олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Бірақ олардың үгіт-насихаты қазақы тәлім-тәрбиеге кереғар келеді. Бірақ оларға «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай тұр», – дейді ол.

Тұрар Сәттарқызы  «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі отбасы құндылығын дамытып, жастардың ұлттық рухта тәрбиелеуге күш салатынын айтады. Себебі ол жаһандану заманында қазақ халқының ұлттық құндылығын сақтап қалу өте маңызды екенін ескертті.

Шынар АҚЖАНҚЫЗЫ