«Жолдау стратегиялық дамуының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған»

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жыл сайынғы халыққа жолдауын жолдады, деп хабарлайды alashorda.kz сайты.

Әлеуметтік желі қолданушысы Нұрхат Ораш Мемлекет басшысы Жолдауына байланысты өз пікірін білдірді.

«Жолдау арқылы Президенттің алдыңғы жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасында қарастырылған реформаларды жалғастырып жатырғанын көруге болады. Президент өз сөзінде басты назарды азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған жүйелі экономикалық өзгерістерге аударды.

Жолдауда жүзден астам түрлі бастама, ұсыныс және тапсырмалар қамтылған. Олардың ішінде салық жүйесін жаңғырту, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын оңтайландыру, агроөнеркәсіптік кешенге қолжетімді несиелерді енгізу, әділ және тиімді тарифтік саясат, көлік инфрақұрылымын жаңарту, білікті кадрлар даярлау, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, азаматтардың қауіпсіздігін жан-жақты қамтамасыз ету сияқты маңызды басымдықтар бар.

Президент бір жыл бойы қоғамда талқыланған атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум 6 қазан өтеді деп белгіледі. Одан бөлек, енді аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері тікелей сайлау арқылы сайланады деп атап өтті.

Мемлекет басшысы қоғамда алаңдаушылық тудырып отырған бірнеше өзекті мәселелерге назар аударды. Олардың ішінде интернет-алаяқтық, жол-көлік апаттары, армиядағы тәртіп, есірткі бизнесімен күрес, медициналық сақтандыру жүйесіндегі кемшіліктер, педагогикалық және медициналық кадрлардың тапшылығы, шағын және орта бизнеске қатысты мемлекеттік бақылаудың артық болуы, ауыл шаруашылығындағы статистика мәліметтерінің бұрмалануы сияқты мәселелер бар.

Жолдаудағы көптеген әлеуметтік-гуманитарлық бастамалар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарында ұсынған идеологиялық тұжырымдамалардың іс жүзінде жүзеге асуы болып табылады.

Жалпы, Жолдау ағымдағы мәселелерді шешуге ғана емес, елдің стратегиялық дамуының негізгі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған», – дейді ол.